Ақтауда ер адам аса ірі көлемде психотроптық затты сақтап, тасымалдағаны үшін сотталды
Ақтау қалалық соты И. есімді адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге психотроптық затты аса ірі көлемде заңсыз сақтап, тасымалдады деп ҚК 297-бабы, 3-бөлігі, 1, 3-тармақтары бойынша айыпталған, деп хабарлайды otpannews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта И. басқа адамдармен алдын ала келісіп, психотроптық заттарды аса ірі көлемде сақтап, кейін сату мақсатында тасымалдағаны анықталған. Тыйым салынған заттар оның киімінің қалтасынан және тұрғылықты жерінен табылды. Оның кінәсі тінту хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен, тінтудің бейнежазбасымен және іс материалдарымен расталған.
Прокурор айыптауды қолдап, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындады.
ҚК 297-баптың 3-бөлімі 7 жылдан 12 жылға дейін мүлкін тәркілеумен бірге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сот айыпталушының жазасын ауырлататын мән-жайларды анықтамады. Нәтижесінде И. кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. ҚК 46-бабының 5-бөлімі 2-тармағына сәйкес, жаза орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеледі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.