Ақтауда дәрігерлер балалардың тыныс алуын қолдаудың жаңа тәсілдерін үйреніп жатыр
Ақтауда анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер үш күн бойы балаларға респираторлық қолдау көрсетудің заманауи әдістерін меңгереді. 24 қараша күні облыстық көпбейінді ауруханада басталған халықаралық шеберлік сабағына аймақтағы мамандар қатысып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқытуды Мәскеуден арнайы шақырылған екі жетекші сарапшы — анестезиология және неонатология саласындағы тәжірибелі мамандар Алексей Мостовой мен Семён Межинский жүргізіп жатыр. Олар жаңа туған нәрестелер мен балалар демікпесін емдеудің дәлелді әрі заманауи тәсілдерін түсіндіреді.
Дәрігерлер тыныс алу физиологиясын, респираторлық бұзылыстардың патофизиологиясын, инвазивті және инвазивті емес қолдау түрлерін, сондай-ақ ӨЖЖ аппараттарының параметрлерін әр жас тобына қарай дұрыс баптау дағдыларын дамытып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, тренинг интерактивті форматта жүріп жатыр, яғни қатысушылармен тұрақты диалог жүргізіліп, күрделі клиникалық жағдайлар талқыланады.
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасында мұндай оқыту мамандар үшін маңызды екенін айтып отыр. Басқарманың мәліметінше, реанимация деңгейінде балалардың тыныс алуын қолдауға қабілетті мамандарды даярлау — жас пациенттердің өмірін сақтап қалудың шешуші факторы.
Шараны Денсаулық сақтау басқармасы «AlmaEco» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған. Оқыту нәтижесінде өңір дәрігерлері әлемдік тәжірибеге негізделген жаңа білім алып, оны күнделікті жұмысында қолдана алады деген сенім мол.