Маңғыстаулық ардагерлер жасанды интеллектке қатысты ғылыми жобаларды жандандыруды ұсынды
Ақтауда облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуірінде ғылыми дәрежелі ардагерлердің ел дамуына қосқан үлесі мен өзекті мәселелері» тақырыбында кеңейтілген пленум отырысы өтті. Жиынға өңірдің ғылым, медицина, білім салаларының ардагер мамандары, ғалымдар мен студенттер қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шараның мақсаты – жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлі артып келе жатқан уақытта ардагер ғалымдардың тәжірибесін ел дамуына тиімді пайдалану және олардың пікірін мемлекеттік, өңірлік жобаларда ескеру.
Пленумда қатысушылар жасанды интеллекттің отандық ғылымға енгізілуі, цифрлық сауаттылықты арттыру, мемлекет пен ғылым арасындағы байланысты күшейту сияқты өзекті тақырыптарды талқылады. Әсіресе жасанды интеллектті денсаулық сақтау, білім беру, өндіріс, заң және қауіпсіздік салаларында қолданудың маңыздылығы айтылды.
Техника ғылымдарының докторы, ҚР Заң академиясының академигі Оңайбек Әбділов бүгінгі отырыстың маңызына тоқталды.
Бүгінде жасанды интеллект әлемде үздіксіз дамып келеді. Қытай мен АҚШ бұл бағыттағы жаһандық көшбасшы елдерге айналды. Біздің мемлекет те осы технологияны барлық салада дамытуды көздеп отыр. Осы орайда ардагер мамандардың тәжірибесі өте қажет. Бүгінгі жиында қатсушылар өзекті тақырыптардың бірі жасанды интеллектті медицинада, білім беру жүйесінде, экономикада қалай тиімді дамытамыз, әлемдік көштен қалай қалып қоймаймыз деген мәселелерді көтеріп отыр. Бұл – еліміздің ғылыми әлеуеті үшін маңызды талқылау, – деді Оңайбек Әбділов.
Жиын соңында ардагерлер өз ұсынысын ортаға салып, жасанды интеллектке қатысты аймақтағы ғылыми жобаларды жандандыру, жас мамандармен тәжірибе алмасуды күшейту жөнінде бастама ұсынды.