Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Кендірлідегі су тұшыту зауыты Жаңаөзенді ауыз сумен толық қамтамасыз етуге дайын

|
26.11.2025 11:09
Кендірлідегі су тұшыту зауыты Жаңаөзенді ауыз сумен толық қамтамасыз етуге дайын

Жаңаөзен қаласы бүгінде ауыз суды «Астрахань–Маңғышлақ» магистральды су құбырынан және Түйесу мен Сауысқан жер асты су көзінен, яғни екі тәсілмен тұтынып отыр. Алайда бұл ресурстар қаланың тек күз-қыс маусымындағы қажеттіліктерін өтеуге ғана жеткілікті. Жазда қалада су тапшылығы артады. Дегенмен ендігі кезекте бұл мәселе толық шешімі – Кендірлі аймағында салынған су тұшыту зауыты. Кәсіпорын қазан айының соңында толық іске қосылып, пайдалануға беріледі, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Жаңа нысан тәулігіне 50 мың текше метрге дейін ауыз су өндіреді. Бұл көлем қала тұрғындарын және жақын маңдағы елді мекендерді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа зауыт «Астрахань–Маңғышлақ» құбырына түсетін жүктемені едәуір азайтады.


– «Біздің зауыт Жаңаөзенді, тіпті жаздың аптап кезеңінде де, 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ете алады. Зауытты әкімдік балансына тапсырғаннан кейін, олар басқа су көздерімен бірлескен график әзірлеуі тиіс. Бұл магистральдық құбырдағы жүктемені жеңілдетеді және босатылған су көлемі басқа елді мекендерге бағытталады. Яғни зауыт мультипликативті әсер береді», – деді «Ak Su KMG» ЖШС-ның бас директоры Үркен Бисақаев.


Алғашқы сынамада Кендірліден алынған тұшытылған су тамыз айында Жаңаөзеннің су тарату торабына жеткізілген. Бүгінде қалаға тұрақты су беруге қажетті барлық технологиялық желілер дайын, резервуарлар толтырылуда.


Жобаның құны 57,7 млрд теңгені құрады. Технологиялық жобасын БАӘ-нің ірі компаниясы әзірледі. Бұған дейін бір жыл бойы Токмақ мүйісінде маусым сайын теңіз суының сынамалары алынып, температурасы мен құрамы зерттелген.


Жобаны жүзеге асыру аясында Жаңаөзенге дейін ұзындығы 100,7 км болатын екі желі тартылды, сондай-ақ электр беру желілері, қосалқы станциялар, газ құбыры, автожол және талшықты-оптикалық байланыс желісі салынды.


Зауыт Еуропа, АҚШ және Қытайдың жетекші өндірушілерінің заманауи жабдықтарымен жасақталған. Мұнда қолданылатын екі сатылы кері осмос технологиясы ауыз судың барлық талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді.


Алдымен су арнайы канал арқылы өздігінен құбырға түсіп, насос станциясына жеткізіледі, онда 6 насос жұмыс істейді. Одан кейін көпсатылы тазарту жүйесінен өтеді: тін мен микроағзалардан тазартылып, сүзгіден өткізіледі. Кейін кері осмос қондырғысына жіберіліп, толық тұзсыздандырылған пермиат алынады. Соңғы кезеңде су минералдандыру цехына түседі.


– «Су кальций карбонаты арқылы өтіп, қажетті минералдар мен микроэлементтерге байытылады. Зауыт бойынша онлайн-анализаторлар үздіксіз бақылау жүргізеді. Санэпидемстанция сынақтан өткізіп, судың барлық талаптарға сай екенін растады», – деді жобаның бас инженері Ержан Әткелтеров.


Құрылыста 650-ден астам адам жұмыс істеген, 91 тұрақты жұмыс орны ашылған. Алғашқы кезекте жергілікті мамандарға басымдық берілген. Инженер-техникалық қызметкерлер арнайы оқытылып, Ақтаудағы «Каспий» су тұшыту зауытында тәжірибеден өткен.


Бір бөлігi вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы жатақхана салынған. Сонымен бірге әкімшілік-тұрмыстық кешен, жөндеу цехы, өрт депосы және қойма ғимараттары тұрғызылды.


Зауытты 2025 жылдың соңына дейін Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтеусіз беру жоспарланып отыр.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!