Енді маңғыстаулықтар бариатриялық отаны облыстық ауруханада жасата алады
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында бариатриялық хирургия бағыты жолға қойыла бастады. Өңір дәрігерлері артық салмақпен күресуге арналған операцияның толық кезеңін тәжірибе жүзінде меңгеріп жатыр. 24–25 қарашада өткен мастер-класс аясында екі жоспарлы ота сәтті жасалды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шеберлік сабағын Алматыдан арнайы келген бариатриялық хирург Аманжол Дюсупов өткізді. Ол ота барысында әдістеменің әрбір қадамын түсіндіріп, жергілікті хирургтердің тәжірибесін арттыруға басымдық берді.
Хирургтың айтуынша, бариатриялық ота — семіздікпен қатар жүретін гипертония, 2-типті қант диабеті және буын ауруларынан зардап шегетін науқастар үшін тиімді шешім.
«Бариатриялық операция – салмақ тастағысы келетін кез келген адамға емес, нақты медициналық көрсеткіші бар науқастарға жасалады. Әсіресе 3-дәрежелі семіздік пен оған қосылған созылмалы аурулар болғанда ұсынылады», – дейді Аманжол Дюсупов.
Лапароскопиялық әдіспен жасалғандықтан, отадан кейінгі оңалу мерзімі қысқа. Алғашқы нәтижелер 2–3 аптада біліне бастайды. Қалыпты жүріс-тұрыс бір апта ішінде, толық белсенділік бір айда қалпына келеді. Ал салмақ 6 айдан 1 жылға дейін біртіндеп төмендейді.
Облыстық аурухана директорының хирургия бойынша орынбасары Сағат Бітімов аймақта бариатриялық хирургияға деген сұраныс жоғары екенін айтады.
«Артық салмақ – бүгінде өмір сапасын қатты төмендететін факторлардың бірі. Бұрын мұндай операция үшін тұрғындар басқа қалаға баруға мәжбүр болса, енді өз өңірімізде жасату мүмкіндігі пайда болып отыр. Бұл — біздің дәрігерлер үшін де, тұрғындар үшін де үлкен қадам», – деді ол.
Мастер-класс өңірде тұрақты түрде бариатриялық хирургияны жасауға бағытталған алғашқы дайындық кезеңі болды. Аурухана алдағы уақытта бұл бағытты толық дамытуға ниетті.