Ақтауда алғаш рет дауыс берген жас ұстаз азаматтық таңдауын жасады
Маңғыстау облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында алғаш рет дауыс беріп отырған жас сайлаушылардың бірі – Ерзат Аяпберген. Ол Ақтау қаласындағы №32 мектепте орналасқан сайлау учаскесінде дауыс беріп, азаматтық таңдауын жасады.
Жас сайлаушының айтуынша, сайлауға алғаш рет қатысу – өзі үшін ерекше әрі жауапты сәт. Ол азаматтардың ел өміріндегі маңызды шешімдерге қатысуы қоғамның дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Аяпберген Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжін тәмамдаған. Оқу жетістіктерінің арқасында бүгінде өзі білім алған оқу орнында еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда оқу практикасының шебері болып, студенттерге теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануды үйретеді.
«Мен бүгін алғаш рет дауыс беріп тұрмын. Бұл мен үшін маңызды сәт. Өзім білім алған колледжде қазір еңбек етіп, жастарға тәжірибелік білім беріп жүрмін. Сайлауға қатысу да азамат ретінде қоғам өміріне араласудың бір жолы деп білемін. Әр азаматтың таңдауы маңызды деп ойлаймын», – деді Аяпберген Ерзат.