Аида Балаева Конституция жобасына қатысты жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жаңа Конституция жобасын талқылау кезінде әлеуметтік желілерде жалған және арандатушылық ақпараттардың таралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Министрдің айтуынша, кейбір желі қолданушылары қоғамдық-саяси ахуалды әдейі тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге барып отыр. Атап айтқанда, белгілі тұлғалардың атынан жалған аккаунттар ашылып, тіл мен жерді сату секілді мәселелер бойынша негізсіз ақпарат пен арандатушылық үндеулер жарияланып жатыр.
Сонымен қатар, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптары әдейі бұрмаланып түсіндіріліп жатыр.
Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал әлеуметтік желі парақшаларына техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы ақпараттардың да келіп түскенін атап өтті.
Қазіргі таңда уәкілетті органдар жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатыр. Осыған байланысты министр азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.
Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды. Өкінішке қарай, кейбір әлеуметттік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда. Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда). Сондай-ақ, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесуде. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамын. Жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, - деді Аида Балаева.