Аббат Өрісбаев: Мұнай өнімдерін жеткізудің балама бағыттарын алдын ала қамтамасыз ету қажет
OTPANNEWS.KZ – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Заң жобасының негізгі мақсаты – екі ел арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған қажетті өзгерістер енгізу.
Талқылау барысында Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев Қазақстанның ішкі нарығын мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.
Депутаттың айтуынша, сыртқы жеткізілімдерге қатысты кез келген өзгеріс ең алдымен халыққа, ауыл шаруашылығына, көлік саласына және кәсіпкерлікке әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты Аббат Өрісбаев Ресей тарапы мұнай өнімдерін жеткізу көлемін қысқартқан жағдайда Қазақстанның ішкі сұранысын қамтамасыз ететін балама бағыттардың бар-жоғын сұрады.
«Мұнай өнімдерінің тұрақты жеткізілімі – экономиканың қалыпты жұмыс істеуі мен халықтың күнделікті өмірі үшін маңызды. Сондықтан мұндай тәуекелдерге алдын ала дайын болып, балама бағыттарды нақты қамтамасыз ету қажет», – деді Құрылтай депутаты.
Оның пікірінше, мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты ықтимал тәуекелдердің алдын ала бағалануы елдің ішкі нарығының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.