Жаңаөзенде еліміздің үздік садақшылары бас қосты
OTPANNEWS.KZ. - Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан жастар арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр. Ұлттық спортты дәріптеп, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға бағытталған дүбірлі додаға еліміздің өңірлерінен келген 70-ке жуық спортшы қатысады.
Жарыс 18-24 жас аралығындағы жастар арасында ұйымдастырылған. Чемпионаттың басты мақсаты - дәстүрлі садақ атуды жастар арасында кеңінен насихаттау, ұлттық спорт түрлерінің дамуына серпін беру және оның бұқаралық сипат алуына ықпал ету.
Сайыс бағдарламасына дәстүрлі садақ атудың бірнеше бағыты енгізілген. Атап айтқанда, спортшылар пута, қалқан, Орта Азия және жамбы нысаналары бойынша жекелей сында өнер көрсетеді. Чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.
Жарыстың жабылу салтанаты 7 қазан күні Жаңаөзен қаласындағы Әмин Тұяқов атындағы стадионда өтеді.