Жаңа Конституция жобасы – Қазақстан дамуының эволюциялық жаңа сатысы
Адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалады. Жоба преамбуласында бұл қағида алғаш рет негізгі басымдық деңгейінде бекітіліп, бүкіл мәтіннің өзегіне айналған.
Осы құндылықтық ұстанымдарды нақтылай отырып, жоба мәтінінде мемлекеттің қызметінің негізін құрайтын қағидаттар жүйесі бекітіледі. Төменде кейбір жаңадан енгізілген баптарға тоқталғым келіп отыр.
3-бап 1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамта-масыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогті дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары эколо-гиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.
2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.
Бұл қағидаттар мемлекеттің дамуын тек саяси өлшемде емес, әлеуметтік, мәдени және өркениеттік кеңістікте кешенді түрде қарастыратынын көрсетеді.
Сонымен қатар жоба Қазақстан Республикасының адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танитынын бекітеді. Бұл ел дамуының ресурстық үлгіден білімге негізделген экономикаға көшуін конституциялық деңгейде айқындайды.
Жоба жарты жыл бойы азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, заңгерлер мен сарапшылар қауымдастығынан түскен ұсыныстар негізінде, сондай-ақ комиссия мүшелерінің пікірлері ескеріле отырып дайындалды.
Құжатта әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты нақты тұжырымдалып, рухани және діни оқу орындарын қоспағанда, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітіледі. Сонымен бірге егемендіктің бірден-бір иесі – Қазақстан халқы екені көрсетілген. «республикалық референдум» ұғымын «жалпыұлттық референдум» деп атау ұсынылған.
Жаңа жобада адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды ілгерілету, инновацияны қолдау және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде белгіленген. Бұл бағыттар елдің ұзақ мерзімді өркендеуінің негізі болып саналады.
Құжатта адамның шығармашылық еркіндігіне, ғылым мен заманауи технологияларға ерекше мән беріледі. Бұл үрдіс цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық даму бағытымен үндеседі және елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Тәуелсіздік жылдарында қоғам түбегейлі өзгерістерден өтті. Жаңартылған преамбула қазіргі кезеңнің рухын, елдің стратегиялық мақсаттарын және ұлттық болмысты айқындай түседі.
Ж.НИЗАМАТДИНОВА,
Ш.Есенов атындағы КТжИУ-дің
бизнес және туризм факультетінің аға оқытушысы