Otpan News Logo

Роберт Мшвидобадзе: Біздің басты мәселеміз – спортшыларға сенімділіктің жетіспеуі

|
09.10.2026 13:46
Роберт Мшвидобадзе: Біздің басты мәселеміз – спортшыларға сенімділіктің жетіспеуі
Фото: Жанкелді Қаржан

Баку. OTPANNEWS.KZ - Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушы-консультанты Роберт Мшвидобадзе отандық дзюдошылардың әлем чемпионатындағы әлеуетіне шолу жасады. Оның пікірінше, спортшылардың өз күшіне деген сенімін арттырып, ішкі бәсекелестікті күшейту қажет. Маман әйелдер дзюдосының қазіргі деңгейіне, жас балуандардың мүмкіндігіне және ұлттық құраманың болашағына қатысты ойымен бөлісті.

 

- Қазақстан дзюдосының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? Құраманың нәтижелеріне көңіліңіз тола ма?

 

- Өздеріңіз де байқап жүрсіздер, біз біртіндеп өсіп, алға жылжып келеміз. Қазақстанда бұл жұмысты енді ғана бастап жатырмыз. Соған қарамастан, ілгерілеу бар екенін көріп отырмын. Спортшыларымыз көп жаттығады, олардың әлеуеті де жоғары. Шын мәнінде, бізде өте мықты балуандар бар. Сондықтан алдағы уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға сенемін.

 

- Дегенмен, кейбір шешуші белдесулерде жеңіліп қалып жатамыз. Бұған не себеп?

 

- Қазір біздің ең басты әрі ең үлкен мәселеміз – спортшыларға сенімділіктің жетіспеуі. Олар кейде қарсыластары өздерінен мықты деп ойлайды. Бұл - үлкен қателік. Әрине, халықаралық жарыстарда бәсекелестік жоғары. Бірақ қарсыластың мықтылығын мойындау мен одан қорқудың арасы екі бөлек. Спортшы өз мүмкіндігіне сеніп, татамиге жеңіске жету үшін шығуы керек.

Өз күштеріне деген сенімділікті қалыптастыра алсақ, нәтижеміз де жақсарады. Өздеріңіз де көріп жүрсіздер, біз біртіндеп өсіп келеміз. Осы сенімділікті толық қалыптастырсақ, көп ұзамай жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз.

 

- Соңғы уақытта финалдық белдесулерде де жеңілістер болды. Бұл нені аңғартады?


- Соңғы аптада ғана алты финалда жеңіліп қалдық. Бұл, әрине, жақсы нәтиже емес. Бізде әлі де жұмыс істейтін тұстар көп. Ұмтылатын белестеріміз де аз емес. Бірақ финалға дейін жетудің өзі спортшының белгілі бір деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Ендігі міндет – шешуші сәттерде жеңіске жетуді үйрену. Ол үшін техникалық және тактикалық дайындықпен қатар, психологиялық тұрғыдан да мықты болу қажет.

 

- Әйелдер дзюдосындағы бәсекелестік деңгейі туралы не айтасыз? Әсіресе ауыр салмақ дәрежелерінде жағдай қалай?

 

- Қазір әйелдер дзюдосында ішкі бәсекелестік жеткіліксіз деп есептеймін. Жалпы, бұл бағытта әлі де атқаратын жұмыс көп. Дегенмен, жас қыздардың қатарға қосылып, жаттығып, бар күшін салып жүргені қуантады. Олардың дамуына мүмкіндік беруіміз керек. Мысалы, Азия ойындарында әйелдер құрамасы жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Екі күміс және екі қола медаль жеңіп алдық. Командалық жарыста да қыздарымыз жақсы күресті. Мұның өзі белгілі бір ілгерілеудің бар екенін көрсетеді.

 

- Жас спортшылардың өсіп-жетілуі үшін не қажет?

 

- Ең алдымен, уақыт қажет. Жаңа жүйе қалыптасып жатқан кезде бірден нәтиже талап ету оңай емес. Әрине, мен де бәрін бірден қалаймын. Барлық жарыста жеңіске жетіп, алтын медальдарды бірден алғым келеді. Бірақ дзюдо – өте күрделі спорт түрі. Әлемде 184 елдің спортшылары дзюдомен айналысады. Бәсекелестік өте жоғары, әр елдің балуандары жақсы дайындалып, барын салады. Сондықтан спортшыны да, құраманы да кезең-кезеңімен дамыту керек. Жас балуандар тәжірибе жинап, халықаралық жарыстарда шыңдалуы тиіс.

 

- Бүгін әлем чемпионатында күресіп, алғашқы айналымда сүрінген Аруна Жангелдинаның өнеріне қандай баға бересіз?


- Аруна жаман күрескен жоқ. Дегенмен, әзірге мұндай ірі жарыстарға толық дайын емес деп ойлаймын. Оған әлі де тәжірибе жинау қажет. Жас спортшылардың дамуы бірден жүзеге аспайды. Сондықтан оларға уақыт беріп, жүйелі түрде жұмыс істеуіміз керек.

 

- Алдағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан қандай нәтиже күтесіз?


- Алдағы әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын. Қазақстан бұрын-соңды әлем чемпионаттарында қол жеткізген нәтижелерінен де жоғары көрсеткішке жетеді деп сенемін. Біздің спортшыларымыздың әлеуеті жеткілікті. Ең бастысы – өз күштеріне сеніп, дайындық барысында атқарған жұмыстарын татамиде көрсете білу.

 

- Демек, Қазақстан дзюдосының басты мақсаты – спортшылардың өзіне деген сенімін арттыру ма?

 

- Иә, бұл - ең маңызды мәселелердің бірі. Құрамадағы әр спортшыны көрген сайын оның қалай күресетінін білемін. Біздің жігіттер өте көп жаттығады, олардың мүмкіндіктері жоғары. Бірақ кейде өздерін қарсыластарынан төмен бағалайды. Спортшы өзіне сенуі керек. Егер біз осы сенімділікті қалыптастыра алсақ, жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз. Қазақстан дзюдошыларының көптеген алтын медаль жеңіп ала алатынына сенімдімін. Біздің қолымыздан келеді. Ол үшін жүйелі еңбек етіп, алға қарай ұмтылуымыз қажет.

 

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!