Otpan News Logo

Ақтауда Маңғыстаудың киелі нысандарын қорғау мәселелері талқыланды

|
09.10.2026 11:48
Ақтауда Маңғыстаудың киелі нысандарын қорғау мәселелері талқыланды

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Бүгін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және онымен сабақтас киелі нысандары» номинациясын іске асыруға арналған өңірлік жұмыс кездесуі өтті.


Жиынға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен туристік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ сала мамандары қатысты. Кездесуде ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданған 48 СОМ 8B.20 шешімін іске асыру, тарихи-мәдени нысандарды сақтау, қорғау және басқару мәселелері қаралды.


«2026 жылғы шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата жерасты мешіттері мен оларға сабақтас киелі нысандар «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және онымен сабақтас киелі нысандары» номинациясы аясында Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілді. Бүгінгі басқосуда ЮНЕСКО талаптарына сәйкес қорғау және басқару бойынша нақты міндеттер айқындалады. Атап айтқанда, тарихи-мәдени нысандар туралы толық әрі шынайы деректер базасын қалыптастыру, оларды сақтау және консервациялау стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ 2027–2031 жылдарға арналған кешенді басқару жоспарын дайындау көзделіп отыр»,- деді Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали. 


Сондай-ақ ескерткіштердің жай-күйін тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін мониторинг жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл тарихи нысандарға табиғи үдерістер мен адам әрекетінің әсерін дер кезінде бағалап, қажетті шараларды алдын ала қабылдауға мүмкіндік береді.


«Тағы бір өзекті мәселе – туристік және танымдық бағыттарды ұйымдастыру. Келушілер үшін қауіпсіз әрі түсінікті маршруттар әзірленіп, киелі орындарға зиярат ету дәстүрлері мен жергілікті ерекшеліктер ескерілуі тиіс. Осы жұмыстар аясында төрт негізгі бағыт айқындалып, олар бойынша жұмыстарды 2027 жылғы 1 мамырға дейін аяқтау жоспарланып отыр»,- Маңғыстау мемлекеттік табиғи-мәдени қорығының директоры Балтабай Қайыпұлы. 


Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанның ЮНЕСКО алдындағы есептілігін қамтамасыз етуге және Бүкіләлемдік мұра мәртебесіне ие нысандардың сақталуын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!