Құқықтық керуен Бейнеуге келді
Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың маңызды қадамы. Мемлекет пен қоғам үшін азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындарға заң талаптарын түсіндіру – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында ауданымызда тұрғындармен құқықтық-профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
Маңғыстау облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Заң және тәртіп» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен өткен көшпелі кездесудің басты мақсаты – халықтың құқықтық білімін арттыру, азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолдарын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Кездесу барысында тұрғындар үшін ашық диалог алаңы құрылды. Оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, қоғамдық сектордың, жергілікті атқарушы органдардың және түрлі салалардың мамандары қатысты.
Көшпелі керуен жұмысы барысында тұрғындар күнделікті өмірде кездесетін өзекті мәселелер бойынша мамандарға тікелей сұрақ қойып, қажетті түсіндірмелер алды. Атап айтқанда, азаматтарға құқықтық мәселелер, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, салық салу, мемлекеттік кірістер, экономикалық қауіпсіздік және жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне қатысты мәселелер бойынша кеңестер берілді.
Жоба аясында мемлекеттік кірістер органдарының, экономикалық тергеу департаментінің, жергілікті әкімдік пен құқық қорғау саласының өкілдері тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдап, заң аясында нақты жауаптар ұсынды. Кездесудің ерекшелігі – тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерін тиісті сала мамандарына тікелей жеткізіп, тегін кеңес алу мүмкіндігі болды. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуге бағыт-бағдар беріп қана қоймай, заң талаптарын дұрыс түсінуге мүмкіндік берді.
Құқықтық сауаттылық – құқық бұзушылықтың алдын алудың және қоғамдағы заңдылықты нығайтудың маңызды тетігі. Өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білетін азамат заң талаптарын сақтап қана қоймай, қажет жағдайда өзінің заңды мүддесін қорғаудың жолдарын да біледі.
Осындай көшпелі кездесулердің тағы бір маңызы – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы тікелей байланысты нығайту. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен мәселелерін тыңдау арқылы тиісті сала мамандары халыққа қажетті ақпаратты дер кезінде жеткізіп, құқықтық кеңес береді. «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыру – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған мұндай жобалардың маңызы зор.
Кездесу соңында аудан тұрғындары ұйымдастырушылар мен сала мамандарына алғыстарын білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарына нақты жауап алғандарын жеткізді. Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудан басталады. Ал құқықтық сауатты қоғам – қауіпсіз әрі тәртіпті қоғамның негізі.
Үміт АСҚАРҚЫЗЫ