"Шам әдет қалыптастыру" жобасы: Жастар ерте тұрып, кітап оқуды қалай әдетке айналдырды?
АҚТАУ.OTPANNEWS.KZ - кітапқа қызығушылық танытып, арнайы ұйымдарда бірлесе уақыт өткізетін жастар қатары көбейіп келеді. Сондай белсенді жастар жиналған ұйымның бірі - "Шам" қоғамдық бірлестігі. 2021 жылы құрылған бірлестік құрамына 300-ден астам кітапсүйер оқырман жиналған. Жастар ай сайын бас қосып, кітап талқылап, бір-біріне сұрақ қойып, тәжірибе алмасады. Одан бөлек, ұйымның қолдауымен түрлі жоба ұйымдастырылады. Соның бірі - "Шам әдет қалыптастыру" жобасы. Ұйымдастырушы Бекжан Уәлиев бұл марафонның арқасында жастарда жақсы әдет қалыптасып жатқанын айтады.
"Шам әдет қалыптастыру" жобасының негізгі мақсаты - ерте тұру және салауатты өмір салтын насихаттау. Марафонға қатысушылардың ерте тұрғанын сауалнама арқылы тексереміз. Кейін сағат 8:30-дан бастап кітап оқып, кітап туралы шағын эссе жазып жібереді. Таңғы серуен немесе жаттығу жасайды. Оны қосымша арқылы бақылап отырамыз", - деді Бекжан Уәлиев.
Осы уақытқа дейін марафонға 500-ден астам адам қатысқан. Жобаның мақсаты - кітап оқу мәдениетін арттырып қана қоймай, таңғы тәртіп қалыптастырып, дұрыс тамақтануды және салауатты өмір салтын насихаттау. Қатысушылар топ-топқа бөлініп, өзара сайыс өткізеді. Ұйымдастырушының айтуынша, бәсекелестік қатысушылардың бір-біріне көмектесіп, жақсы нәтиже көрсетуіне ықпал етеді.
"Қатысушыларды екі топқа бөлеміз: "Лидер" және "Шабыт" командалары. Екі топ өзара жарысып, ұпай жинайды. Осылайша жарыса отырып, марафон өткізеді. Топқа бөлінген қатысушылар мейлінше жоғары ұпай жинау үшін бір-бірін ұйқысынан оятып, көмектесіп, жақсы нәтиже көрсетеді", - деді "Шам" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушысы Бекжан Уәлиев.