Ақтауда құны 48 млрд теңге болатын жылу қазандығы салынып жатыр
OTPANNEWS.KZ. – Ақтауда жылыту маусымына дайындық аясында жылу желілерін жаңарту және жаңа қазандық салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаладағы бірқатар жылу инфрақұрылымы нысанын аралап, жұмыстардың барысын тексерді.
Қаладағы маңызды жобалардың бірі – жаңа қазандықтың құрылысы. Нысанның жылу өндіру қуаты сағатына 363 Гкал болады. Жобаның жалпы құны – 48 млрд теңге. Құрылыс үш кезеңмен жүргізіледі.
Биыл жобаға инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен 6,8 млрд теңге бөлінген. Жаңа қазандық Ақтауда жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандарды жылумен қамтып, қолданыстағы жылу көздеріне түсетін салмақты азайтуы тиіс.
Облыс әкімі 3А, 3Б шағынаудандары мен емдеу қалашығындағы жылу желілерін жаңарту жұмыстарын да көрді. Мұнда жалпы ұзындығы 10,2 шақырым болатын желі жаңартылады.
Жұмыс барысында тозған құбырлар заманауи полимер құбырларға ауыстырылып, қажетті жабдықтар орнатылады. Бұл учаскелер арқылы тұрғын үйлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар жылумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ Нұрдәулет Қилыбай орталық жылу торабындағы жұмыстармен танысты. Мұнда жылу энергиясын тұтынушыларға тұрақты жеткізуге қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жұмыс қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармаларға, мердігерлерге және Ақтау қаласының әкімдігіне жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.