Маңғыстау медицинасына кореялық технологиялар енгізілмек
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ. – Ақтауда Қазақстан мен Корея арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастыққа арналған халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Жиында жасанды интеллект пен телемедицинаны енгізу, әсіресе шалғай өңірлердегі тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімді ету мәселелері талқыланды.
«Жасанды интеллект негізіндегі смарт-телемедицина: Корея Республикасы – Қазақстан» тақырыбындағы кездесуге қазақстандық және кореялық дәрігерлер, медициналық ұйымдардың өкілдері, IT және медициналық технологиялар саласының мамандары қатысып жатыр.
Симпозиум барысында Кореяның телемедицина саласындағы тәжірибесі көрсетілді. Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар дәрігер тапшы және елді мекендер бір-бірінен алшақ орналасқан өңірлер үшін тиімді. Қашықтан кеңес алу арқылы күрделі жағдайларда бейінді мамандардың көмегін жедел ұйымдастыруға болады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір үшін телемедицинаның маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ел дамуының стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындады. Бұл технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізу, ең алдымен, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Әсіресе шалғай елді мекендердегі тұрғындарға жоғары білікті медициналық көмекті уақытылы көрсету үшін телемедицинаның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды, – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Симпозиумда медициналық диагностикада жасанды интеллектті пайдалану, радиологиялық зерттеулерді автоматты талдау, инсультті ерте анықтау, эндоскопия, офтальмология, остеопорозды скринингтеу және жүрек-қантамыр ауруларының қаупін бағалау бойынша технологиялар таныстырылды.
Солардың бірі – инсультті анықтауға арналған қазақстандық «Cerebra AI» бағдарламасы. Жүйе КТ немесе МРТ нәтижелерін бұлтты серверде өңдеп, дәрігерге мидағы зақымдану белгілері туралы ақпаратты жедел береді.
Пациент КТ-зерттеуге түскеннен кейін бес минут ішінде жүйе дәрігердің телефонына немесе компьютеріне зерттеу нәтижесін жіберіп, мидың қай аймақтарында инсульт болғанын көрсетеді. Бұл дәрігерге емді ертерек бастауға мүмкіндік береді. Инсульт кезінде уақыттың маңызы өте жоғары», – деді «Cerebra AI» компаниясының операциялық директоры Бексұлтан Шакимов.
Оның айтуынша, бағдарлама бес жылға жуық уақыт эксперименттік режимде сыналған. Соңғы бір-екі жылда оны толыққанды коммерцияландыру басталған. Қазір жүйені Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы, Астана қаласындағы және Жамбыл облысындағы бірқатар медициналық ұйымдар пайдаланып отыр.
«Cerebra AI» – жеке медициналық аппарат емес, КТ және МРТ құрылғыларына қосылатын бұлтты жүйе. Зерттеу нәтижесі серверде өңделіп, дайын ақпарат дәрігерге жіберіледі. Бұл технология дәрігердің орнын баспайды, тек шұғыл жағдайда шешім қабылдауға көмектеседі.
Симпозиум аясында Ақтауда телемедицина орталығын ашу жоспарланған. Кореялық әріптестер орталыққа қажетті жабдықтарды табыстайды. Бұл өңір дәрігерлеріне шетелдік мамандармен қашықтан кеңес өткізуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарға заманауи жабдықтар беру, цифрлық медицина бойынша бірлескен жобаларды талқылау және Қазақстан мен Корея компаниялары арасында B2B және B2G кездесулер өткізу көзделген.
Симпозиумда денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллект пен телемедицинаны енгізудің келесі кезеңдері де талқыланады.