Otpan News Logo

Еңбекпен шыңдалған өмір

|
08.10.2026 18:03
Еңбекпен шыңдалған өмір

Адам өмірінің мәні елге сіңірген еңбегімен, ұлтқа тигізген пайдасымен өлшенеді. Осындай парасат пен еңбекқорлықты өмірлік ұстаным еткен жандардың бірі – Мақсот Есенғожин. Оның өмір жолы тұтас бір дәуірдің тынысын, ел дамуының өткелдерін еске түсіреді.


Мақсот Раушанұлы 1946 жылдың 12 қазанында Орал облысы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы), Тайпақ ауданының Ақтөбе ауылдық округінде дүниеге келген. Балалық шағы елдің ең бір ауыр, соғыстан кейінгі кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол жасынан талапшыл, білімге құштар болып өсті. 1964 жылы Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, «Гурьев» совхозындағы Мұқыр орта мектебінің X сыныбын тәмамдап, алдағы өміріне бағыт берер алғашқы үлкен қадамын жасады.


Сол жылдары Отан алдында борышын өтеу көп жігіттің басты мақсаттарының бірі еді. Солардың қатарында Мақсот Раушанұлы да болды. Ол 1965-1968 жылдары Алматы қаласында әскери қызметін абыроймен атқарып, өмір мектебінен өтті. Тәртіп пен жауапкершілік, адалдық пен еңбекқорлық қасиеттері дәл сол кезеңде қалыптасты десек, артық емес.


Әскери борышын өтеген соң, білімін жалғастыруды мақсат тұтып, 1966 жылы В.Куйбышев атындағы Самарқанд ауыл шаруашылық институтының (Өзбек КСР) I курсына оқуға қабылданды. Бірақ адамның дегені болсын ба, отбасы жағдайына байланысты оқуын сырттай жалғастыруға мәжбүр болды. Ол кездескен қиындықтарға қарамастан 1976 жылы аталған жоғары оқу орнының толық курсын аяқтап шықты.


1969 жылдан бері оның өмірі мен еңбек жолы Ақтау (бұрынғы Шевченко) қаласымен тығыз байланысты. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған ол, уақыт өте келе өндіріс орындарында, комсомол ұйымдарында, ішкі істер органдарында, қоғамдық және мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарды. Бұл оның жан-жақты, ізденімпаз тұлға екенін көрсетеді.


1983-1991 жылдар аралығында Маңғышлақ гидрометеорологиялық обсерваториясының (қазіргі Маңғыстау гидрометеорология жөніндегі орталық) директоры болып жұмыс істеді. Табиғат құбылыстарын зерттеу, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бұл жауапты қызмет оның ұйымдастырушылық қабілетін айқындаған кезең еді. Мақсот Раушанұлы өндірістен қол үзбей, Ленинград гидрометеорологиялық институтының екі курсын да тәмамдады. Бұл – оның кәсіби дамуға, үздіксіз білім алуға деген ұмтылысының жарқын мысалы.


Ел тәуелсіздігі қарсаңында, 1991 жылы ол Маңғыстау облыстық әкімшілікке шақырылды. Мұнда облыстық әкімшілік басшысының ауыл, су шаруашылығы, жер қатынастары мен жерге орналастыру, биологиялық ресурстар және экология мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Бұл кезең аймақтың шаруашылық жүйесін жаңғырту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы маңызды уақыт болатын. Максот Раушанұлы сол жауапкершілікті абыроймен атқара білді.


1996 жылдың қаңтарынан бастап Маңғыстау облыстық жер қатынастары мен жерге орналастыру комитетінде бас маман, сонымен қатар Ақтау қалалық жер комитетінің төрағасы қызметін қоса атқарды. Ал 1996 жылдың маусымы мен 1997 жылдың шілдесі аралығында облыстық ауыл шаруашылығы комитеті бастығының орынбасары болды.


Өмір бойы еңбекпен шыңдалған азамат ел игілігі жолындағы саналы қызметін абыроймен аяқтады.


Мақсот Раушанұлы өмір жолы – адалдық пен жауапкершіліктің, азаматтық ұстаным мен кәсіби ізденістің үлгісі. Саналы ғұмырын Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған оның еңбегі арқылы бір дәуірдің тынысы, бір ұрпақтың қажыр-қайраты көрініс табады.


Қызмет жылдарында Мақсот Раушанұлы талай қиын сәттің куәсі ғана емес, тікелей қатысушысы да болды. Соның бірі – адам өміріне қауіп төндірген аса қауіпті қылмыскерді қолға түсіру еді. Бұл жай ғана қызметтік міндет емес, нағыз азаматтық ерлікке пара-пар сәт еді.


Бір күні қала тыныштығын бұзған ауыр қылмыс туралы хабар түседі. Куәгерлердің айтуынша, қылмыскер қашып үлгерген, айналада үрей мен абыр-сабыр пайда болған кез. Осындай сын сағатта Мақсот Раушанұлы жағдайды салқынқандылықпен бағалап, асығыс қадам жасамай, ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігін ойлайды. Ол қылмыскердің бағытын дәл анықтап, тәуекелге бел байлап, соңына түседі.


Ешқандай қару-жарақтың айбынынан именбей, тек кәсіби тәжірибесіне, жылдар бойы жинаған байыптылығына және азаматтық міндетіне сүйене отырып, ол қылмыскерді залалсыздандырып, құқық қорғау органдарына тапсырған. Бұл қан төгіссіз, бірақ үлкен ерік-жігер мен батылдықты талап еткен сәт болатын.


Оқиға куәгерлері оның сабырлылығы мен батылдығына таңданысын жасыра алмаған. Кейбіреулер үшін бұл ерлік болса, Мақсот Раушанұлы үшін ел алдындағы борыш қана еді.


Бұл бір ғана оқиға оның болмысын, адамгершілік келбетін, әділет пен тәртіпке деген берік ұстанымын айқын көрсетеді.


Ол бүгінде зейнет жасына жетсе де жастарға ақылын айтып, жол көрсетіп отырады. Өмірлік жары Әсия апаймен бақытты ғұмыр кешіп, бір ұл, үш қыздан тараған ұрпақтың қызығына куә болып, қылықты немере-жиендерінің ортасында мамыражай күн кешіп келеді.


Бүкіл саналы ғұмырын Маңғыстау облысының, Ақтау қаласының өркендеуіне атсалыса отырып, болашағымыздың жарқын болуына бар күш-жігерін салған Мақсот Раушанұлына «Ақтау қаласының Құрметті азаматы» атағын берсе де артықшылық болмас еді.

29
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!