Otpan News Logo

Абылайхан Жұбаназар: Әлем чемпионатындағы белдесулерім өте ауыр болды

|
08.10.2026 14:52
Абылайхан Жұбаназар: Әлем чемпионатындағы белдесулерім өте ауыр болды

Әзірбайжан астанасы Бакуде дзюдодан өтіп жатқан әлем біріншілігінде 81 келіде Абылайхан Жұбаназар қола жүлде үшін белдесті. Өкінішке қарай, отандасымыз кездесу нәтижесінде бесінші орынға тұрақтады. Ұлттық құрама балуаны чемпионаттың жартылай финалына дейін жетіп, Әзірбайжан құрамасының үш бірдей балуанымен шеберлік байқасқан еді. 


Турнир соңынан Абылайхан Жұбаназар жарыс жолындағы олқы түскен жайтқа өкініш білдірді. 


- Жартылай финалға дейін еркін жеттіңіз. Шешуші сәтте неліктен есе жібердім деп ойлайсыз?


- Күресімнің барлығы ойдағыдай болғанымен, әлем чемпионатына өзімді толық дайындай алмадым. Сол себептен күресімнің барлығы ойдағыдай жүрмей, аса қиындық тудырмайтын қарсыластарыммен өте ауыр күрестім. Қола жүлде үшін белдесуде әзірбайжан балуанына қарсы дайын едім. Оны аша түсемін деген ойымнан қателіктер кетті. Ал оның соңы үлкен өкінішке апарды. 


- Жалпы, әлем чемпионатына тас-түйін дайын келдіңіз бе? 


- Жарақаттан аман болдым. Жеңіліске жеке өзім жол бердім. Швейцария турниріндегідей толық түрде ашыла алмадым деп ойлаймын. 


- Сол турнирден кейін сәл босаңсып кетпеңіз бе?


- Жо-жоқ. Ол Гранд Слэм турнирі. Бұл әлем чемпионаты.Халықаралық турнирлерде үнемі жүлде алып жүргендіктен ол мен үшін қалыпты үрдіс. Бұл біріншіліктің жөні бөлек. Ешқандай ауыртпашылық болған жоқ. Өкіндіріп тұрғаны, қолымда тұрған жеңістен бір сәтте айырылып қалғаныма өкінемін. 


- Бүгін күрескен қарсыластарыңыз сіз үшін ыңғайсыз балуандар ма?


- Бұған дейінгі жарыстарда күресіп жүрген қарсыластарым ғой. Жеңу үшін татамиге шықтым. Басым түсетініме толық түрде сенімді болғанмын. 


- Қарсыласыңызды жанкүйерлердің қызу қолдауы сізді «жандырып» жіберген жоқ па?


- Белдесу барысында бар ойым - қарсыласыммен күресуде болды. Артық ештеңе ойлауға мұршам болмады, тіпті айқай-шуды естімедім десем де болады. 


- Жеңілісті тек өзіңізден көріп отырсыз ғой?


- Иә. Жеңуге міндетті едім. Қанша жерден бізге көрсетілген жағдай, қолдау көп болды. Соған қарамастан өзімнен кінә болып отыр. Қола жүлде үшін күрескен әзірбайжан балуанымен бұған дейін оқу-жаттығу жиындарында күресіп көргенбіз. Қарымды қарсылас. Бірақ менің бабым одан еш кем емес еді.



Сұхбаттасқан Жанкелді Қаржан

63
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!