Otpan News Logo

Жаңа заң – мемлекеттік қызметтің жаңа мүмкіндіктер дәуірі

|
29.06.2026 11:25
Жаңа заң – мемлекеттік қызметтің жаңа мүмкіндіктер дәуірі

Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласын дамытуға бағытталған жаңа құқықтық кезең басталады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына бейімдеп, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен кәсібилігін арттыруды көздейді.


Жаңа заңның негізгі ерекшелігі – мемлекеттік қызметті тек әкімшілік институт ретінде емес, қоғам мен азаматтардың сұранысына жедел әрі сапалы жауап беретін заманауи басқару жүйесі ретінде дамыту.


Заңда меритократия, әділдік, ашықтық, нәтижелілік және жауапкершілік қағидаттары басты басымдық ретінде белгіленген.


Мысалы, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Бұрын жоғары оқу орнын бітірген түлек мемлекеттік қызметке орналасу үшін конкурстарға қатысып, тәжірибе жинауға мәжбүр болатын. Енді мемлекеттік қызметке даярлау институтының енгізілуі жастардың студент кезінен бастап осы салаға мақсатты түрде дайындалуына жол ашады. Ал Президенттік немесе өңірлік жастар кадр резервіне енген азаматтар конкурссыз мемлекеттік лауазымдарға тағайындала алады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа көзқарасы бар, білімді жастардың келуіне мүмкіндік береді.


Кадрлық саясаттағы маңызды өзгерістердің бірі – жастар кадр резервінің құқықтық негізін жетілдіру. Президенттік және өңірлік жастар кадр резервтері арқылы қабілетті жастарды мемлекеттік басқару ісіне тарту жалғасып, олардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беріледі.


Сонымен қатар мемлекеттік қызметте қызметтік әдепті сақтау мен заңдылықты қамтамасыз ету тетіктері күшейтілді. Әдеп жөніндегі уәкіл институтының рөлі мен өкілеттіктері кеңейтілді. Бұл мемлекеттік органдардағы ашықтықты арттырумен қатар, қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.


Заң тек құқықтар мен жеңілдіктерді ғана емес, жауапкершілікті де күшейтеді. Өйткені мемлекеттік қызметші – мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан қызметтік әдепті сақтау, заң талаптарын орындау және қоғам сеніміне селкеу түсірмеу бұрынғыдан да маңызды. Құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа тетіктер енгізіліп, мемлекеттік органдарда профилактикалық жұмыстар күшейтіледі. Бұл жазалау мәдениетінен алдын алу мәдениетіне көшудің нақты көрінісі.


ҚР Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Маңғыстау облысы

бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Тоқтамыс Жұмағұлов

71
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!