Otpan News Logo

Маңғыстауда 7 жаңа мектеп бой көтереді

|
29.06.2026 10:02
Маңғыстауда 7 жаңа мектеп бой көтереді

Еліміздің министрі Жұлдыз Сүлейменова Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен бірге өңірдегі бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, білім саласының қазіргі жай-күйімен танысып, өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Жұмыс сапары Түпқараған ауданының Таушық ауылындағы Шахтинск жалпы білім беретін мектебінен басталды. Делегация мүшелеріне мектептің тарихи музейі таныстырылып, білім ордасының материалдық-техникалық базасы мен оқу үдерісінің ұйымдастырылуы туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар министр мен облыс әкімі ауыл тұрғындары және педагогтермен кездесіп, өңірдегі білім беру жүйесін дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

 

Одан кейін Жұлдыз Сүлейменова Ақтау қаласындағы Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі мен Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжіне барды. Министр оқу орындарының заманауи зертханалары мен өндірістік шеберханаларын аралап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

 

Жұмыс сапары аясында министр өткен жылы пайдалануға берілген №35 «Келешек мектебінде» де болды. Мұнда оған оқушылардың сапалы білім алуына жасалған жағдайлар таныстырылды. Атап айтқанда, заманауи пәндік кабинеттер, STEM зертханалары, инклюзивті білім беру кабинеттері мен спорт инфрақұрылымы көрсетілді.

 

Сапар соңында Оқу-ағарту министрі Ақтау қаласының дарынды жастары және халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесті. Кездесу барысында ол оқушылардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, білімге ұмтылу мен ғылыми ізденістің маңызын атап өтті.

 

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 737 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 216 мектепте 193 мыңнан астам оқушы білім алса, 460 мектепке дейінгі ұйымға 50 мыңнан астам бүлдіршін барады. Биыл өңірде балабақшаларда 1 618 жаңа орын ашылып, нәтижесінде 3–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.

 

Соңғы жылдары өңірде білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 12 600 оқушыға арналған 13 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Алдағы жылдары тағы жеті мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл оқушы орындарының тапшылығын азайтып, апатты мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

63
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!