Маңғыстауда жол сапасын тексеру кезінде 233 талапқа сай келмейтін сынама анықталды
Маңғыстау облысында автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына жүйелі бақылау жүргізілуде. Мамандар атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын ғана емес, пайдаланылатын құрылыс материалдарының да белгіленген талаптарға сәйкестігін тұрақты түрде тексеріп келеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жыл басынан бері «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының инженерлері 193 тексеру жүргізді. Нәтижесінде құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстардан барлығы 527 сынама алынып, зертханалық сараптама жасалды. Оның 233-і нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.
Сонымен қатар биыл жолдарда 76 түрлі ақау тіркелген. Бүгінгі күнге дейін оның 33-і толық жойылған. Ең жиі кездесетін кемшіліктердің қатарында асфальт-бетон жабынының қалыңдығының талапқа сай болмауы, жол төсемінің шөгуі және битум эмульсиясының жеткіліксіз қолданылуы бар.
Маңғыстау облыстық филиалының директоры Адайбек Қалиевтің айтуынша, жол сапасын бақылау тек құрылыс кезеңімен шектелмейді.
«Негізгі мақсатымыз – жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының әр кезеңінде сапаны қамтамасыз ету. Анықталған әрбір кемшілік бойынша мердігер ұйымдарға нақты ұсынымдар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Бұл бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді», - деді филиал басшысы.
Бұдан бөлек, облыс аумағындағы автомобиль жолдарын кешенді диагностикалау жұмыстары жалғасуда. Заманауи мобильді жол зертханасының көмегімен жол желісінің техникалық жай-күйі бағаланып, жөндеуді қажет ететін учаскелер цифрлық форматта анықталуда. Бұл шаралар жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға және жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға бағытталған.