Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде 999 футболшы өнер көрсетті
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде 48 құраманың сапынан барлығы 999 футболшы алаңға шықты. Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) өзінің ресми мәліметінде хабарлады, деп жазады otpannews.kz.
Топтық кезең аясында барлығы 72 матч өтіп, оған әлемнің үздік ұлттық құрамалары қатысты. Биылғы мундиаль тарихында алғаш рет 48 команда бақ сынауда. Бұған дейін, 1998 жылдан бері өткен жеті әлем чемпионатында турнирге 32 құрама ғана қатысып келген.
Топтық кезең қорытындысы бойынша плей-офф кезеңіне 32 команда жолдама алды. 1/16 финал матчтары 28 маусым мен 3 шілде аралығында өтеді. Одан кейін 4–7 шілде аралығында 1/8 финал, 9–11 шілдеде ширек финал кездесулері ұйымдастырылады. Ал жартылай финал ойындары 14 және 15 шілдеге жоспарланған.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусымда басталып, 19 шілдеге дейін жалғасады. Турнирдің матчтары АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатыр.