Маңғыстаулық дзюдошы Еуропа кубогында күміс жүлдегер атанды
Прагада дзюдодан Еуропа кубогы өз мәресіне жетті. Аталған жарыста Маңғыстау облысының балуаны Жантілек Нұртілепұлы күміс жүлдеге қол ие болды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазақстан құрамасы соңғы жарыс күнінде ел қоржынына бір алтын және бір күміс медаль салды. +100 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз финалда ҚР ұлттық құрамасының мүшесі Ғалымжан Қырықбаймен кездесіп, нәтижесінде екінші тұрақтады.
Айта кету керек, Жантілек турнирдің іріктеу кезеңдерінде Германия және Чехия балуандарын жеңіп, жартылай финалға жолдама алған болатын. Ал финалға шығар жолда Сербия өкілі Видак Малевичті қапы қалдырды.
Аталған кубок бәсекесінде әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Тасним Абдуали қола жүлде үшін күресті. Дегенмен шешуші белдесуде Германия өкілі Хелен Хабибтен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, бұған дейін 60 келі салмақта Шерзод Давлатов топ жарса, Нұраділ Әлжан қола медальға қол жеткізген еді.