Otpan News Logo

“Жаңа Конституция – прогрессивті қоғамның сұранысы”: Мәжілістегі талқылау

|
25.02.2026 15:29
“Жаңа Конституция – прогрессивті қоғамның сұранысы”: Мәжілістегі талқылау
MNU

Бүгін Мәжіліс мінберінен Асхат Аймағамбетов еліміздегі саяси реформалар мен жаңа Конституция жобасының маңызы туралы салмақты ой қозғады. Оның пайымдауынша, Ата Заңды жаңарту – тек құқықтық қажеттілік емес, бұл заман ағымы мен жаһандық өзгерістерге берілген жауап, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 

 

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап ел аралап, қоғамның түрлі топтарымен кездесіп, жаңа Конституцияны талқылауда. Коалицияның мүшелері бірнеше күннің ішінде елдегі тоғыз өңірді аралап, мыңдаған кездесу өткізген. 


Депутат еліміз соңғы жеті жылда іргелі өзгерістерді бастан өткергенін атап өтті. Алайда қазіргі геосаяси ахуал мен жасанды интеллект дәуірінің келуі мемлекеттің басты құжатын қайта қарауды өзекті етіп отыр. 30 жыл ішінде қолданыстағы Конституцияға сан мәрте түзету енгізілгенімен, бүгінгі прогрессивті қоғам біртұтас, жүйелі жаңаруды талап етеді.


Ол сондай-ақ өңірлерді аралап, жаңа Конституция жобасымен таныстыру барысында көтерілген негізгі сұрақтарға тоқталып өтті. Ол халықты мазалаған тақырыптың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызмет көрсету мәселесіне тоқталды. 


“Жекелеген азаматтар тарапынан «халықтың білім алу, дәрігер көмегіне жүгіну сияқты әлеуметтік сұранысы, енді тек ақылы түрде болады – мыс» деген жаңсақ, яғни фейк ақпарат айтылуда. Ал шын мәнінде, Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған және бола да береді. Бұл жаңа Конституция жобасында да шегелеп жазылған. Оның айқын көрінісі – мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағыталатындығы. Сонымен қатар, Ата Заңның 1-бабы «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқындайды. Жаңа Конституция жобасында бұл қызметтер де ақы төлемей алатын қызмет деп анық жазылған, сәйкесінше денсаулық сақтау мен білім беру саласында азаматтардың мүмкіндіктері одан сайын кеңейеді деп айта аламыз”,- деді Асхат Аймағамбетов. 


Сонымен қатар, қолданыстағы Конституцияда жазылған, «мемлекеттік» жоғары оқу орындары деген сөзді алып тастау ұсынылған. Депутаттың айтуынша, бұл – дұрыс шешім. Өйткені бүгінгі таңда мемлекеттік гранттар арқылы студенттер тек мемлекеттік қана емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында тегін жоғары білім ала алады. 


“КИМЭП, Мақсұт Нарықбаев университеті, Тұран сияқты оқу орындары жекеменшік болса да, грантты ұтып алған студенттеріміз де сол білім ордаларында грантпен оқуға мүмкіндіктері болуы тиіс. Осылайша, ұсынылып отырған нормалар, аталған әлеуметтік кепілдіктерді қысқартуға емес, оларды негізгі заңда заманауи әрі нақты түрде бекітуге бағытталған”,- деп қосты Асхат Аймағамбетов. 


Ол сондай-ақ сөз бостандығы туралы талқыға қатысты да ойын білдірді. Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы айқын бекітілгенін атап, сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара жігі нақты ажыратылғандығын айтты. 


“Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты жағымсыз пікір білдіруге болады. Біз де бұл жерде біршама лауазымды тұлғаларды қатты сынаймыз. Ол – дұрыс. Дегенмен ешкімді кемсітуге, қорлауға болмайды. Әр адамның ар-намысын мемлекет қорғауы керек деген қағида – маңызды. Негізі, егер мұқият қарасақ адамның абыройы мен ар-намысын қорғау, зорлық-зомбылықты насихаттауға тыйым салу, қолданыстағы заңнамада бұрыннан бар. Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған тәсіл”,- деді Асхат Аймағамбетов. 


Даулы тақырыпқа айналған тағы бір мәселе –5-баптың 6-тармағы, яғни арнайы құқықтық режим енгізу. 


“Бұл тұрғыда Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі, оның аумақтық тұтастығы – мызғымас әрі ең басты құндылық екенін біз қоғамдық ортада жалықпай айтуымыз керек. Арнайы құқықтық режимдерді Конституция деңгейінде бекіту – елдің экономикалық егемендігін күшейтуге бағытталған қадам. Мұнда мемлекеттің унитарлығы және де мемлекеттің толық бақылауы сақталады”,- деді ол. 


Сондай-ақ депутат қазір ғылыми қалашықтар туралы арнайы заң жобасын қарап жатқандарын жеткізді. Аталған қалаларда да арнайы ортаны қалыптастыру, ғылымды дамыту бойынша жағдай жасау туралы ұсыныстарды берген. 


“Жалпы бұл жүйе – инвесторларға заманауи жұмыс орындарын құру, қолайлы көлік желісін дамыту және инженерлік инфрақұрылымды салу міндетін жүктейді. Яғни, ол өз кезегінде,тиісті өңірлерде, халықтың өмір сапасының тікелей жақсаруына әкеледі. Арнайы режим – ірі жобалар үшін техникалық кепілдік. Алатау қаласы немесе Астана қаржы орталығы деңгейіндегі жобалар, ұзақ мерзімді және ауқымды инвестицияларды талап етеді. Ал қарапайым заңдар болса - бюджет тапшылығы немесе саяси конъюнктура өзгерген жағдайда оңай түзетілуі мүмкін”,- дедіАсхат Аймағамбетов. 


Сөз соңында Асхат Аймағамбетов жаңа Конституцияда – заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қарастырылғанын айтты.

331
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!