Otpan News Logo

Маңғыстау облыстық ауруханасында тізе буынына эндопротездеу отасы жасалды

|
16.11.2026 15:22
Маңғыстау облыстық ауруханасында тізе буынына эндопротездеу отасы жасалды

OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тізе буынына эндопротездеу отасы сәтті жасалды.


Пациент ауруханаға жоспарлы түрде емдеуге жатқызу порталы арқылы түскен. Оған сол жақ тізе буынының III дәрежелі артрозы диагнозы қойылған.


Аурухананың ортопедия бөлімінің меңгерушісі, травматолог-ортопед Қаныхан Бердібектің айтуынша, науқас ауруханаға жатқызылғанға дейін мамандардың кеңесінен өтіп, емханада қажетті тексерулерден өткен және тиісті қорытындылар алған.


Дәрігердің сөзінше, биыл жылдың басында пациенттің оң жақ тізе буынына да осындай ота жасалған. Ол кезде де III дәрежелі артроз диагнозы қойылып, буынға толық эндопротездеу жүргізілген.


«Толық эндопротездеу кезінде зақымданған буын беткейлері жасанды протезбен алмастырылады. Бұл ота тізе буынының қызметін қалпына келтіруге және пациенттің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Қаныхан Бердібек.


Қазіргі уақытта отадан кейін пациенттің жағдайы тұрақты. Ол медицина мамандарының бақылауымен оңалту курсынан өтіп жатыр.


Айта кетейік, эндопротездеу оталары буын аурулары асқынған пациенттерге мамандандырылған медициналық мекемелерде МӘМС аясында көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмек түріне жатады.


4
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!