Уайыс Ерсайынұлы: Жаңа Конституция – елдің жаңа даму кезеңіне бастайтын тарихи құжат
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Уайыс Ерсайынұлы жаңа Конституцияның қолданысқа енуіне орай пікір білдіріп, Ата Заңның қабылдануы Қазақстанның саяси жаңғыруына, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын айқындауға бағытталған маңызды қадам екенін айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Қолданысқа енгізіліп жатқан жаңа Конституциямыз еліміздің жаңа дамуына серпін береді деген үлкен үмітіміз бар. Бұл – Қазақстанның жаңа тарихының тағы бір парағын ашатын құжат. Бұған дейінгі конституциялар тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекетті қалыптастыру міндетіне қызмет етсе, бүгінгі Конституция дамыған мемлекеттің сұранысына жауап беру үшін әзірленді. Өткен жылы бұл құжат бүкіл халықтың, қоғам қайраткерлерінің, депутаттардың және Мемлекет басшысының қатысуымен кеңінен талқыланып қабылданды. Ең бастысы, бұл – тұңғыш рет өз ана тілімізде дайындалған Конституция. Онда мемлекеттік тілдің мәртебесі бұрынғыдан да нақты айқындалып, мемлекеттің идеологиялық бағыты толыққанды көрініс тапты. Сонымен бірге Қазақстанның мыңжылдық мемлекеттілік тарихы мен тарихи сабақтастығы алғаш рет Ата Заң деңгейінде нақты көрсетілді. Мұның барлығы еліміздің болашағын баянды етуге бағытталған маңызды өзгерістер», - деді депутат.
Уайыс Ерсайынұлының айтуынша, жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлік пен тарихи сананы нығайтатын маңызды құндылықтық негізге айналды. Оның сөзінше, жаңа редакцияда мемлекеттің даму бағыты, ұлттық идеологиясы және тарихи тамыры бұрынғыдан да айқын көрініс тауып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі орны мен өркениеттік жолын нақтылай түсті. Бұл өзгерістер елдің ішкі дамуына ғана емес, халықаралық деңгейде Қазақстанның мемлекеттілік тарихын, парламентаризм дәстүрін және ұлттық құндылықтарын кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
«Конституциядағы саяси реформалар да уақыт талабынан туындаған өзгерістер. Бұрынғы саяси құрылымдардың кейбірі қазіргі кезеңнің сұранысына жауап бере алмағандықтан қайта қаралды. Сонымен қатар ұлттық тарихымызбен сабақтас атаулар мен институттар енгізілді. Мәселен, Құрылтай атауының қолданылуы – жай ғана атауды өзгерту емес, қазақ мемлекеттілігінің, заң шығару дәстүрінің терең тарихын көрсететін маңызды қадам. Бұл біздің ұлттық кодымызды, тарихи жадымызды жаңғыртуға бағытталған шешім. Сол сияқты мемлекеттік басқару жүйесіндегі кейбір өзгерістер де халқымыздың тарихи тәжірибесімен үндесіп жатыр. Мұның барлығы жаңа Конституцияның құқықтық құжат қана емес, ұлттық сананы күшейтетін, елдің саяси жүйесін жаңғыртатын тарихи мәні зор Ата Заң екенін көрсетеді», - деді Уайыс Ерсайынұлы.