Айдос Тастаев: "Жаңарған Конституция - Жаңа Қазақстанның берік негізі"
ашық дереккөзден
Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының директоры Айдос Тастаев ел өміріндегі маңызды оқиға - жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты өз ойын бөлісті. Ол өз мәлімдемесінде Ата Заңның жаңаруын әділетті қоғам құру жолындағы тарихи қадам деп бағалады. Театр басшысы еліміздің болашағы үшін әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары болуы керектігін атап өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
«Еліміздің болашағы әрқайсымыздың жауапкершілігімізде. Жаңа Конституция халқымыздың таңдауын айқындаған маңызды тарихи қадам. Ол әділетті қоғам құруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған», - деді Айдос Тастаев.
Сонымен қатар мәдениет қайраткері заң үстемдігі мен ұлттық руханияттың байланысына, өнер ұжымының бұл процестегі рөліне тоқталды.
«Театр тек өнер ордасы ғана емес, ұлттық руханият пен мәдениеттің алтын бесігі. Біз сахна арқылы елдік мұратты, адамгершілік құндылықтарды, бірлік пен жауапкершілікті дәріптеуді өз міндетіміз деп білеміз. Жаңару әр адамнан басталады. Заңды құрметтеу, елге адал қызмет ету, мәдениетімізді дамыту - баршамызға ортақ парыз. Еліміздің іргесі берік, бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын!», - деді Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының директоры Айдос Тастаев.
50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев