Маңғыстауда шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Маңғыстау облысында суға шомылу маусымы кезінде тұрғындар мен өңір қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді алдын алу және құтқару шаралары күшейтілді. Өңірде суға шомылуға рұқсат етілген 31 орын айқындалған, оның ішінде 13 коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, шомылу маусымында Каспий теңізіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін департаменттің күштері мен құралдары кезең-кезеңімен жұмылдырылған.
"Каспий теңізінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыс күндері 14 мобильді құтқару бекеті, 5 жүзу құралы, 2 бірлік техника және 37 қызметкер кезекшілік атқарады. Ал демалыс және мереке күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, 39 мобильді құтқару бекеті, 12 жүзу құралы, 14 бірлік техника және 84 қызметкер жұмылдырылады", - деді Нұрлыбек Айжарықов.
Шомылу маусымына дайындық аясында департамент, көлік прокуратурасы, көліктік бақылау инспекциясы өкілдері және кіші кеме иелерінің қатысуымен Каспий теңізіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша екі рет дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Сонымен қатар демалыс орындары иелеріне әдістемелік көмек көрсету және жағажайларды белгіленген талаптарға сәйкестендіру мақсатында үш рет арнайы жиын өткізілді.
Нұрлыбек Айжарықовтың мәліметінше, жыл басынан бері судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жүйелі түрде жариялануда.
"Сәуір және мамыр айларында теңіз түбін тазалау жұмыстары бойынша демалыс орындарынан түскен 22 өтініш қанағаттандырылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ демалыс базаларының құтқарушылары мен қызметкерлеріне құтқару тәсілдері және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары бойынша екі кезеңнен тұратын оқыту ұйымдастырылды", - деді Нұрлыбек Айжарықов.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері Каспий теңізінде 13 адам, оның ішінде 7 бала құтқарылды. Суға бату деректерінің төртеуі суға түсуге тыйым салынған орындарда, тағы төртеуі арнайы жабдықталмаған аумақтарда тіркелген.
Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын тек суға шомылуға рұқсат етілген орындарды таңдауға, құтқарушылардың талаптары мен ескертулерін сақтауға және судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң ұстануға шақырып отыр.