Дербес менеджер: Маңғыстаудың 2 мыңға жуық тұрғыны мемлекеттік қызметтерді маманның жеке көмегімен алды
2026 жылдың басынан бері Маңғыстау облысының 2 мыңға жуық тұрғыны «Дербес менеджер» қызметін пайдаланған. Оның ішінде 913 қызмет мамандандырылған ХҚКО бағыттары бойынша көрсетілген, деп хабарлайды otpannews.kz
«Дербес менеджер» қызметі азаматтарға мемлекеттік қызметтерді маманның жеке көмегімен алуға мүмкіндік береді. Менеджер құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңдерінен өтуге көмектесіп, қызмет алу процесін жеңілдетеді және уақытты тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Аталған қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарының фронn - офистерінде қолжетімді. Қызметті алу үшін азаматтар тіркеу орнына жүгініп өтініш беруі қажет. Одан кейін маман құжаттарды рәсімдеу барысында өтініш берушіге қажетті көмек көрсетеді. ХҚКО-дағы қызмет құны - 5 697 теңге, ал мамандандырылған ХҚКО-да - 6 306 теңге.
Сонымен қатар орталыққа өздігінен келуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін дербес менеджердің үйге бару қызметі қарастырылған. Маманы алдын ала берілген өтінім бойынша келісілген уақытта және мекенжайға барып, қызмет алу процесін дайындап береді. Үйге шығу қызметінің құны - 7 447 теңге.
Бұл қызмет уақытын бағалайтын және мемлекеттік қызметтерді жеке қолдаумен алуды қалайтын азаматтар арасында сұранысқа ие. Дербес менеджер өтініш беру процесін ұйымдастыруға және қажетті кезеңдерден ыңғайлы түрде өтуге көмектеседі.
Қызметті рәсімдеу үшін ХҚКО-ға жүгінуге немесе Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтындағы «Азаматтарға арналған қызметтер» бөлімі арқылы дербес менеджердің үйге шығуына өтінім беруге болады.Сондай-ақ кеңесті 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндік бар.
Айта кету керек, Мемлекеттік корпорация азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған заманауи сервистерді енгізіп, мемлекеттік қызметтерді алу сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыс жүргізуде.