Ақтау әкімдігі субұрқақтарда шомылмауға шақырды
Әлеуметтік желілерде балалардың Ақтау қаласындағы субұрқақтарда шомылып жүргені бейнеленген бейнежазбалар таралған соң қала әкімдігі тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мамандардың айтуынша, қалалық субұрқақтар электр жабдықтары арқылы жұмыс істейді. Сондықтан олардың ішіне кіру, суға түсу немесе техникалық құрылғыларына жақындау адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға және субұрқақтардың ішінде ойнауына жол бермеу керектегін алға тартты.
«Субұрқақтар электр жүйесімен жұмыс істейтін нысандар. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Балалардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауды сұраймыз», - деді бөлім басшысы.
Қала әкімдігі тұрғындарды қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге үндеп отыр.