Қазақстан тек мұнайға тәуелді экономикадан біртіндеп арылып келеді: шетелдік сарапшылар инвестициялар мен өнеркәсіптің өсімін атап өтті
Қазақстан шетелдік сарапшылар тарапынан тек шикізатқа негізделген экономика ретінде емес, тұрақты әрі әртараптандырылған экономикалық даму моделін қалыптастырып келе жатқан мемлекет ретінде жиі бағалануда. Мұндай қорытынды Reuters сайтында жарияланған World Impact Media Organization ұйымының сараптамалық есебінде келтірілген.
Шолу авторлары Қазақстанның күрделі сыртқы экономикалық жағдайда да тұрақты өсім көрсетіп отырғанына назар аударады. Әлемдік экономиканың баяулауы, нарықтардағы құбылмалылық пен инвестиция үшін бәсекелестіктің күшеюі жағдайында Қазақстан экономикалық өсімді сақтап қана қоймай, оның жаңа көздерін қалыптастыруда. Атап айтқанда, өсімге өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы және инвестициялар елеулі үлес қосып отыр.
Шетелдік сарапшылардың негізгі тұжырымы – Қазақстан экономикасы бір ғана шикізат секторына тәуелділіктен біртіндеп арылуда. Бұрын ел көбіне мұнай мен табиғи ресурстар арқылы танылса, бүгінде инвестициялық жобалар, өңдеу өнеркәсібі, логистика, энергетикалық инфрақұрылым және заманауи қызмет көрсету салаларының маңызы артып келеді.
Бұл өзгерісті нақты көрсеткіштер де дәлелдейді. 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6,5%-ға өссе, 2026 жылдың алғашқы бес айында тағы 3,7%-ға артқан. Бұл өсім бір ғана саланың есебінен емес. Құрылыс көлемі – 13,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 9%-ға, көлік және қоймалау саласы – 8,4%-ға, сауда – 5,6%-ға өсті. Нақты сектор 4%-ға, ал қызмет көрсету саласы 3,6%-ға ұлғайған.
Сарапшылар инвестициялардың өсуіне де ерекше тоқталған. 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,5 млрд АҚШ долларына жетіп, бір жыл ішінде 14,4%-ға артқан. Сонымен қатар, UNESCAP деректеріне сәйкес, Қазақстан 19 млрд АҚШ доллары көлемінде greenfield инвестицияларын тартып, Орталық Азиядағы осындай инвестициялардың жалпы көлемінің шамамен 89%-ын иеленген. Бұл Қазақстанның өңірдегі негізгі инвестициялық орталық ретіндегі орнын нығайтып отырғанын көрсетеді.
Инвестициялар бүгінде экономикалық өсімнің қосымша көзі ғана емес, экономиканы жаңғыртудың негізгі қозғаушы күшіне айналуда. 2026 жылдың алғашқы бес айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 7%-ға, ал жеке инвестициялар 17,4%-ға өскен. Ең жоғары өсім энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларында байқалған.
World Impact Media Organization бас редакторы Жасмин Абдулдың айтуынша, Қазақстандағы өзгерістер айқын көрінеді: ел экономикасы бүгінде тек шикізатқа емес, инвестицияларға, өнеркәсіпке және заманауи қызмет көрсету салаларына сүйене отырып дамып келеді. Бұл баға жаһандық экономиканың баяулауы, инфляцияның жоғары болуы, қаржыландыру құнының қымбаттауы және іскерлік белсенділіктің төмендеуі жағдайында ерекше маңызды.
Шолуда инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформалар да атап өтілген. Олардың қатарында 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасының жаңартылуы, Инвестициялық штабтың жұмысы, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның іске қосылуы, сондай-ақ басым секторлардағы ірі жобаларға арналған инвестициялық келісімдер тетіктері бар.
Бұл құралдар инвесторлардың тәуекелдерін азайтуға, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдетуге және рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі, сондай-ақ ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген әрі дауларды тәуелсіз қарауды қамтамасыз ететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері де маңызды рөл атқарады.
Шетелдік сарапшылар Қазақстанның инвестицияларды өзара қорғау жөніндегі халықаралық келісімдерінің кеңейіп келе жатқанын да атап өткен. Мұндай келісімдер Сингапур, Катар, Қытай және Сауд Арабиясы секілді негізгі серіктес мемлекеттермен жасалған. Бұл бизнес қауымдастығы үшін Қазақстанның инвестициялық саясаттағы айқын әрі тұрақты қағидаларды қалыптастыруға және шетелдік инвесторлардың сенімін арттыруға ұмтылып отырғанының маңызды белгісі саналады.
Жалпы алғанда, халықаралық сарапшылардың шолуы Қазақстанның экономикалық жаңғырудың маңызды кезеңінен өтіп жатқанын көрсетеді. Ел экономикасында енді тек шикізат өндіру мен экспортқа ғана емес, инвестицияларға, өңдеу өнеркәсібіне, логистикаға, агроөнеркәсіптік кешенге, энергетикаға және заманауи қызмет көрсету салаларына басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында экономикалық өсімнің теңгерімді әрі орнықты болуына мүмкіндік береді.