Otpan News Logo

Ақтауда жаңадан құрылған ҮЕҰ өкілдері жобаларды әзірлеу бойынша оқытудан өтті

Ақтауда жаңадан құрылған ҮЕҰ өкілдері жобаларды әзірлеу бойынша оқытудан өтті

Ақтауда үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, бастамашыл топтар мен азаматтық сектор белсенділеріне арналған «Жобаларды әзірлеу және басқару» тақырыбындағы оқыту тренингі өтті. Іс-шара Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Бір күндік тренингке өңірдің аудан, қалаларынан 30 адам қатысты. Оқыту бағдарламасы практикалық кейстер мен топтық жұмыстар форматына құрылып, қатысушылардың жобалық менеджмент бағытындағы білімі мен тәжірибесін күшейтуге бағытталған.


Оқытуға ҮЕҰ және жобалық менеджмент саласының сарапшысы, Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Гүлбаршын Мұштанова, Маңғыстау облысы Азаматтық альянсының президенті Жібек Ахметова және ҮЕҰ бухгалтерлік есебі бойынша сарапшы Ақмарал Қошжанова тренер ретінде қатысты.


Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай оқыту алаңдары азаматтық сектор өкілдерінің жобаларды сапалы әзірлеуіне, қаржыландыру тетіктерін тиімді пайдалануына және өңірдегі қоғамдық бастамалардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.


Біз бұл оқытуға жаңадан ашылған ҮЕҰ-ларды шақырдық. Себебі мұндай білім оларға аса қажет. Мемлекеттік қаржыландыру алу үшін жобаны әзірлеу кезінде қандай талаптарды ескеру керек, жоба іске асқаннан кейін қандай есептер тапсырылады, соның ішінде бухгалтерлік және шығармашылық есепті рәсімдеу жолдарын түсіндіріп жатырмыз. Қатысушылардың қызығушылығы жоғары. Бұған дейін біз негізінен консультациялық көмек көрсететінбіз. Алайда келетін азаматтардың көбі кеңеспен шектелмей, толыққанды бір күндік тренинг өткізуді сұрады. Сондықтан бұл оқыту қатысушылар үшін пайдалы болды деп ойлаймын, – деді Жібек Ахметова.


Тренинг барысында қатысушылар үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік қолдау тетіктерімен танысты. Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі, гранттық қаржыландыру мүмкіндіктері, конкурсқа қатысу тәртібі және жобалық өтінімдерді әзірлеу мәселелері кеңінен талқыланды.


Сондай-ақ қатысушылар әлеуметтік мәселені анықтау, мақсатты аудиторияны белгілеу, іс-шаралар жоспарын әзірлеу, күтілетін нәтижелер мен индикаторларды қалыптастыру, жоба бюджетін жасау тәсілдері бойынша тәжірибелік білім алды.


Бағдарламаның екінші бөлігінде жобаларды іске асыру кезеңіндегі басқару тетіктеріне басымдық берілді. Онда жобалық топ жұмысын ұйымдастыру, іске асыру процесін жоспарлау мен бақылау, құжат айналымы және есептілік жүргізу, серіктестермен өзара іс-қимыл және тәуекелдерді басқару мәселелері қарастырылды.


Тренинг аясында қатысушылар практикалық шеберханаға қатысып, нақты кейстерді талдап, өздерінің әлеуметтік жобаларын таныстырды. Сонымен қатар тәжірибе алмасу және сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылды.

111
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!