Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Маңғыстау түлектеріне грант бөледі
Маңғыстауда мектеп түлектеріне арналған кәсіби бағдар беру кездесуі өтті. Іс-шараға «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының» басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шара облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен “Оқушылар сарайында” өтті. Кездесуде «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының» басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы қатысып, медицина саласындағы білім алу мүмкіндіктері, оқу орнына түсу талаптары мен болашақ мамандық таңдаудың маңыздылығы жөнінде ақпарат берді.
Академия басшылығының басты мақсаты - мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беріп, медицина саласына қызығушылық танытқан жастарға қолдау көрсету.
“Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен колледжі Маңғыстау жастарына арнайы келіп, тегін оқуға мүмкіндік ұсынамыз. Академияға 30, колледжге 100 грант бөлінген. Академияға түсу үшін шектік балл 70 болса, колледж аттестаттың орташа бағаларына байланысты оқуға қабылдайды. Сырттан келген сиуденттерге ақылы жатақхана бар. Құжаттарды қабылдау 20 маусымнан басталады”,- деді Оңтүстік Қазақстан медицина академия жанындағы медицина колледжінің директоры Алтыншаш Мұхамметқалиқызы.