Otpan News Logo

Нұралы Құлышев: «15 жыл бойы Қазақстан параспортында бірінші болдым»

|
29.05.2026 11:39
Нұралы Құлышев: «15 жыл бойы Қазақстан параспортында бірінші болдым»

Спорт – шыдамдылық пен төзімнің қайнар көзі. Өмірдің ең ауыр соққыларын қабылдап, оны жеңіске айналдыра білген жандардың бірі – Маңғыстау параспортының алдыңғы шебіндегі Нұралы Құлышов. Ол тумысынан дертке шалдығып, бала күнінен ауруханаға көп уақыт өткізген. Ауруын бір сәтке ұмыту үшін спортқа ден қойған Нұралы ағай бүгінде 68 жасқа келіп, мүгедектер қоғамын құрған сыйлы азаматқа айналды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


«Мен 1991 алғаш рет спартакиадаға қатыстым. Отырып ойнайтын волейболдың қандай екенін сол жерге барып көрдім. Сол күні далаға шығып тұрсам барлығы диск лақтырып жатыр екен. Мен де қызығып, лақтырып көрдім. Нәтижесінде 3-орын жеңіп алған едім. Сөйтіп параспортпен айналысып кеттім”,- деді Нұралы Құлышев. 


Осылайша волейбол арқылы спорттың түр-түріне жол ашқан Нұралы Құлышев өзін ешқашан мүмкіндігі шектеулі санаған емес. Тіпті дені сау азаматтар бой тасалап, әскерден жалтарғанда да Нұралы ағай 2 жыл бойы Отан алдындағы борышын өтеді. 


«Маған дәрігерлер: “Сен қалай бардың әскерге, саған баруға болмайды”,- дейді. Бірақ мен “әскерде бәрін емдейді” деп әзілдеймін. Мен екі жыл бойы әскерде болғанмын»,- деп қосты параспортшы. 



Нұралы ағай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мүгедектігі бар жандарды спортқа тартып, қоғам құру үшін базар жағалаған. Жанына серік іздеген ағайдың құрамасы бүгінде параспорт тарихында үздік құрама қатарында. 11 рет әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, чемпион атанған отырып волейбол ойнайтын спортшылар бүгінде жастарға өнеге болып, тірек қимыл жүйесі зақымдалған жандарды спортқа баулып келеді. 


«Мен 15 жыл бойы Қазақстан параспортында №1 болдым деуге болады. Мен өзімді шыңдап, өмір бойы талпыныста болғаным үшін мақтан тұтамын. Спортқа да қатыстым, аяғыма түрлі ота да жасаттым»,- дейді Нұралы ағай. 


Нұралы ағайдың бастамасымен көп мүгедек өмірде өз орнын тауып, отау құрған. Өзін ешқашан кем санамай, керісінше, спорт арқылы көпке көмек қолын созған ағай зейнетке шықса да тынымсыз еңбек етіп жүр. 



Нұралы Құлышов – бүгінде ардақты әке, аяулы жар және дана ата. Нұралы ағай отағасы болған Мерейлі отбасы тіпті алғашқы Президент қолынн марапат алып, жеке қошеметіне ие болған. 


«Мерейлі отбасы» конкурсы бастаған алғашқы жылы менің отбасым жеңіске жетті. Сөйтіп жаңа астанаға арнайы шақырту алдым. Алғашқы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан “Лада” көлігінің кілтін алғаным әлі есімде. Ортаға менің атымды атап, жетістіктерімді тізгенде қатты қуандым. Маңғыстаулық спортшылар жиыннан кейін жылағандарын да айтты. Олардың да кеудесін мақтаныш кернеген екен. Маңғыстаудың атын жақсы жағынан шығарғаныма бақыттымын. Төрт мәрте Қазақстан Республикасының туын әлемдік аренаға алып шықтым, бұл мен үшін – үлкен мақтаныш»,- дейді үздік жаттықтырушы. 


Нұралы Құлышев зейнетке шықса да спорттан бас тартпай келеді. Алпыстың сегізін алқымдаған ағай спортпен әдемі қоштасып, өзінен кейінгі толқынға үлгі болуды армандайды. 


«70 жасқа толғанда спортпен әдемі қоштасқым келеді. Шетелден команда шақырып, олармен қоштасу матчын ұйымдастырсам деген ойым бар»,- дейді чемпион Нұралы Құлышев.
73
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!