Теңіз порттарынан жаңа зауыттарға дейін: Маңғыстау экономикасы қалай өзгереді?
Маңғыстау облысы көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, өнеркәсіпке инвестиция тартуды және мұнай-газ саласынан тыс жаңа экономикалық даму бағыттарын қалыптастыруды көздеп отыр. Өңірде жаңа теңіз портын салу, Ақтау контейнерлік хабын дамыту, өнеркәсіптік кәсіпорындарды іске қосу және ауызсу өндіру қуатын арттыру жоспарланған. Өңір экономикасын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа өндіріс орындарының келешегі туралы Маңғыстау облысының экономика басқармасы мәлімдеді.
Маңғыстау облысының географиялық орналасуы өңірдің еліміздегі ірі транзиттік-логистикалық орталықтардың біріне айналуына мүмкіндік береді. Каспий теңізіне шығатын жолдың болуы және халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы сауда байланыстарын дамытуға, экспорт көлемін арттыруға жол ашады.
Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Экономика басқармасының мәліметінше, 2026 жылы осы бағыт бойынша Маңғыстау облысы арқылы тасымалданған жүк көлемі 20 пайызға артып, 2,5 млн тоннаға жеткен.
Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, ұзындығы 559 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысы басталды. Оның 125 шақырымы Маңғыстау облысының аумағы арқылы өтеді. Қазіргі уақытта жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 97,5 пайызы жақсы жағдайда.
Сондай-ақ Ақтау теңіз порты мен «Ерсай» терминалының акваториясын 4,5 метрден 6,5 метрге дейін тереңдету жұмыстары қолға алынған. Бұл кеме қатынасының қауіпсіздігін арттырып, жүк айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал 2026 жылдың шілдесінде Құрық теңіз портындағы екі көтергіш-көпірдің жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Ірі жобалардың бірі – Қарақия ауданында жаңа теңіз портын салу. Оны жүзеге асыру жөніндегі келісімге Мемлекет басшысының қатысуымен Шанхай қаласында Қытайдың Guo You Resources Group компаниясымен қол қойылған. Жобаның жалпы құны 1 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның алғашқы кезеңіне 230 млн доллар инвестиция қарастырылған.
Экономика басқармасының бағалауынша, жоспарланған жобалар жүзеге асқан жағдайда 2030 жылға қарай еліміздегі теңіз порттары мен терминалдарының жылдық өткізу қабілеті 22,3 млн тоннадан 60 млн тоннаға дейін артады. Сонымен қатар 2 700 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Ақтау халықаралық контейнерлік хабын, қойма және терминал инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл жобалар өңірде жаңа өндіріс орындарын орналастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға қосымша мүмкіндік береді.
Өнеркәсіпке инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу
Өңір экономикасын дамытудың тағы бір басым бағыты – өңдеу өнеркәсібін өркендету. Қазіргі уақытта облыста мұнай-газ өңдеу, химия өнеркәсібі, машина жасау, металлургия және металл өңдеу салаларында 14 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайды.
Жергілікті өндірісті қолдаудың нақты мысалдарының бірі – Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымдары сатып алатын тауарлар мен қызметтерді жергіліктендіру тетігінің енгізілуі.
Осы механизм іске қосылғаннан кейін қаладағы 46 кәсіпорын жалпы құны шамамен 193 млрд теңгені құрайтын 108 ұзақ мерзімді келісімшарт жасасқан. Тұрақты сұраныстың қалыптасуы жергілікті компанияларға өндірістік қуаттарын кеңейтіп, 2 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Ал жасалған келісімдер аясында 2028 жылға дейін тағы 3 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бұл тетікті бүкіл Маңғыстау облысына енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Энергетика саласында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласында гибридті электр станциясы мен жаңа газ өңдеу зауытының, ал Ақтауда бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде.
Алдағы уақытта өңірде жаңа ірі өндіріс орындарын ашу көзделген. Жоспарланған бастамалардың қатарында Ақтау әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру, Қарақия ауданында аммиак-карбамид кешенін, сондай-ақ сұйытылған табиғи газ, метанол, карбамид және аммиак өндіретін кәсіпорындар салу бар.
«Бұл жобаларды жүзеге асыру өңір экономикасының мұнай-газ секторына тәуелділігін төмендетуге, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады облыстық экономика басқармасы.
Су ресурстары – өнеркәсіпті дамытудың маңызды шарты
Маңғыстауда су ресурстарының жеткіліксіздігі өнеркәсіпті дамыту кезінде ескеруді қажет ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр. Өйткені тұрақты сумен жабдықтау тек тұрғындардың тұрмыс сапасына ғана емес, жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкіндігіне де тікелей әсер етеді. Экономика басқармасының мәліметінше, 2024-2025 жылдары пайдалануға берілген тұшыландыру қондырғылары бүгінде өңірдегі ауызсу өндіру қуаты халықтың қажеттілігін өтеуге мүмкіндік беріп отыр.
2026 жылы Жаңаөзен қаласы мен оған жақын елді мекендердің сумен жабдықтау мәселесін шешуге бағытталған екі нысан пайдалануға берілді. Кендірлі курорттық аймағының Тоқмақ учаскесінде тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұщыландыратын қондырғы іске қосылды. Ал Қарақия ауданының Жетібай ауылында тәулігіне 6 500 текше метр су тазартатын станция пайдалануға берілді.
Ақтау қаласының аумағы кеңейіп, халық санының өсуіне байланысты 2030 жылға дейін су өндіру қуатын қосымша 96 мың текше метрге арттыратын тағы үш жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Олардың бірі – «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 12 мың текше метр су өндіретін тұщыландыру қондырғысын салу. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қалған екі жоба бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар кәсіпорын аумағында жалпы қуаты тәулігіне 24 мың текше метр болатын кері осмос станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жобаны 2027-2028 жылдары аяқтау жоспарланған», – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Облыстық экономика басқармасының мәліметінше, су және энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту инвестиция тарту және болашақта өнеркәсіп орындарының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Шағын және орта бизнес – экономиканы әртараптандырудың тірегі
Өңір экономикасын әртараптандыруда шағын және орта бизнестің де маңызы зор. Кәсіпкерлікті дамыту мұнай-газ саласына тәуелділікті азайтудың, жаңа кәсіпорындар ашудың және халықты жұмыспен қамтудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Ресми статистикаға сәйкес, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Маңғыстау облысында 69,8 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеген. Бұл салада 131,8 мың адам еңбек етеді. Олардың үлесі өңірдегі экономикалық белсенді халықтың 33 пайызына тең. Кәсіпкерлерді қолдау үшін жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік ұсыну тетіктері қолданылуда.
2026 жылы Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен субсидиялауға 11,9 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 600 млн теңге бөлінген.
«Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге қарастырылған. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жалпы несие көлемі 866,1 млн теңгені құрайтын 23 жобаға қолдау көрсетілді.
Кепілдік қорының №1 арнайы бағдарламасы аясында 94 жобаға жалпы көлемі 6,8 млрд теңге болатын кепілдік берілді.
Кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің тағы бір тетігі – «Өрлеу» жеңілдетілген несие бағдарламасы. 2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, осы бағдарлама аясында жалпы несие көлемі 8,2 млрд теңгені құрайтын 90 жоба қаржыландырылған.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп әзірленген және «Каспий» ӘКК» АҚ арқылы жүзеге асырылатын үш жылдық жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы да бар.
Бағдарламаның жалпы көлемі – 39 млрд теңге. Үш жыл бойы жыл сайын 13 млрд теңгеден бөлу көзделген. Оның 3 млрд теңгесі жыл сайын шағын және орта бизнесті қолдауға, ал 10 млрд теңгесі ірі стратегиялық инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.
Кәсіпкерлер үшін жылдық 6-8 пайыздық мөлшерлемемен, ал ірі инвестициялық жобалар үшін 8 пайыздық мөлшерлемемен несие беру қарастырылған. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – «ҚазМұнайГаз» жүйесінен босатылатын қызметкерлерді жаңа өндіріс орындарындағы жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беруі. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» компаниясынан үш жылға 39 млрд теңге көлемінде қайтарымды қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Қаржыны жыл сайын 13 млрд теңгеден бөлу жоспарланған.
Маңғыстауды жаңа экономикалық даму кезеңі күтіп тұр
Осылайша, Маңғыстау облысының экономикалық даму стратегиясы бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Олар – халықаралық көлік дәліздерін дамыту, теңіз порттарының инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа өнеркәсіп орындарын іске қосу, су өндіру қуатын арттыру және кәсіпкерлікті қолдау.
Басты мақсат – өңір экономикасының тұрақты әрі әртараптандырылған моделін қалыптастыру. Бұл ретте жаңа өндіріс орындары, көлік-логистика саласы мен шағын және орта бизнес дәстүрлі мұнай-газ секторымен қатар өңір дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналуы тиіс.