Теңіз жаяу әскерінің матросы Қазақстан тарихының батырлары туралы туындыларды салды
Ақтау гарнизонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери қызмет пен шығармашылықты сәтті үйлестіріп келеді, деп жазады otpannews.kz.
Атырау облысынан төрт ай бұрын ҚР Әскери-теңіз күштерінің қатарына шақырылған әскери қызметші қазіргі уақытта теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында механик-жүргізуші лауазымында қызмет атқарады.
Бақдәулет Күздібаевтың сурет салуға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Ол мектеп және студенттік жылдары түрлі стендтерді, плакаттар мен қабырға суреттерін безендірумен айналысқан. Әскер қатарына шақырылғаннан кейін өз әуестігі туралы бөлім командирлеріне хабарлап, олардың қолдауына ие болған. Қазіргі уақытта матрос бос уақытында шығармашылықпен айналысып, сурет салады.
Әскери қызметші өз туындыларында Қазақстан тарихындағы белгілі батырлар мен хандардың бейнелерін сомдауға ерекше мән береді. Қызмет ету барысында ол бірқатар ауқымды картиналар жасап, сондай-ақ аңызға айналған қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған жеке туындыны дүниеге әкелген.
Матростың айтуынша, оның басты мақсаты - туған әскери бөлімінде игі із қалдырып, кейінгі буын әскери қызметшілердің ұлттық тарихты терең танып, ел батырларын құрметтеуіне үлес қосу. Бақдәулет Күздібаевтың үлгісі қатаң күн тәртібі, жауынгерлік даярлық пен қарқынды жаттығуларға қарамастан, әскер қатарында шығармашылықпен айналысуға және өзін-өзі дамытуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.