Кәмелетке толмағандарға самокатпен жүруге тыйым салынады
Қазақстанда 1 шілдеден бастап самокатпен жүру ережелері өзгереді. Жаңа заң талабына сай, 18 жасқа толмағандарға электронды самокат жалға берілмейді. Сондай-ақ самокатпен жүретін әр адам қауіпсіздік құралдарын тағуы тиіс, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жаңа ереже бойынша тротуарлар мен саябақтарда қозғалыс қауіпсіз болуы үшін самокаттарда жылдамдықты автоматты түрде 6 км/сағ-қа дейін төмендететін функция болуы міндетті. Түнде көрінуі үшін фаралар мен шағылыстырғыштардан бөлек, дыбыстық сигналдың болуы да қатаң тексерілмек.
Тағы бір мәселе – самокаттардың автомобиль жолымен жүруі. 1 шілдеден бастап бұл ереже нақтылана түседі. Жолдың оң жақ жиегімен жүру үшін жүргізуші 18 жасқа толуы тиіс. Сондай-ақ кез келген санаттағы (тіпті «А» немесе «В») жүргізуші куәлігі болуы шарт, басына дулыға (шлем) киюі және үстінде жарық шағылыстыратын элементтері бар киім болуы міндетті. Ал егер бұл талаптар орындалмаса – самокатшы тек тротуармен жүруге құқылы, бірақ ол жерде де басымдық жаяу жүргіншіде қалады.
“Жаңа ережелердегі маңызды тармақтың бірі – жаяу жүргіншілер өткелінен өту тәртібі. Енді самокатшы жолдан өткенде көліктен түсіп, оны жетелеп өтуі тиіс. Бұл талапты бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 620-бабы бойынша ескерту жасалады немесе айыппұл салынады”,- деді Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Набира Бисекенова.