Ақтаулық балалар республикалық сурет байқауының жеңімпазы атанды
«Білім айнасы» республикалық ғылыми-танымдық редакциясының бастамасымен өткен «Ғарыш әлемі» атты балалар сурет байқауының нәтижелері белгілі болды. Жеңіске жеткен қазақстандық өрендердің қатарында «Колибри» арт-студиясының («кескіндеме» бағыты бойынша) 20 тәрбиеленушісі бар. Бұл туралы кескіндеме пәнінің мұғалімі Малика Жүнісова мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Шығармашылық додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 3,5 мың бала қатысты. Ақтаулық арт-студияның 20 шәкірті үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі орындарға ие болды.
«Бес жасар қатысушыларымыз – Мереке Ақжол, Ни Лиен және Сафия Хажырахимқызының жұмыстары ең үздік деп танылды. Сондай-ақ бірінші орындарды бірінші сынып оқушылары Валерия Ни, Константин Лагошин және Айлана Темірқызы, екінші сынып оқушысы София Кускова, үшінші сынып оқушысы Айша Орынбай және төртінші сынып оқушылары Дәмелі Асаева, Софья Самохина, Амира Миримова, Раяна Дүйсен, Кира Зарипова иеленді. ІІ дәрежелі дипломдармен Анастасия Кускова, Сафира Макимова, Әмина Жүнісова, Әзима Қайырхан, Диана Тасыбекова, Арина Токарева және Даниил Рязанов марапатталды. Мұндай байқаулар балаларды еңбекке баулып, биік белестерді бағындыруға ынталандырады. Бұл тек бәсекелестік емес, өз қабілетіңді шыңдау жолындағы сынақ», – деп атап өтті Малика Жүнісова.
Жас суретшілер үшін бұл маусым өте нәтижелі болды. Ақпан мен сәуір айларының аралығында студия тәрбиеленушілері түрлі байқау мен көрмелерге белсене қатысты. «Колибри» атынан республикалық жарыстарға 5-13 жас аралығындағы 40-тан астам бала бақ сынады.
«Жеңімпаз атанған 20 қатысушының ішінен бірінші орын алғандардың бірі – Айлананы ортақ өкіл ретінде таңдауды ұсынамын. Оның үстіне, ол алғаш рет қатысып жатқан 7 баланың бірі. Айлана бұрын бізде хореографиямен айналысып, кейін кескіндемеге ауысты. Өте ерекше бала. Қиын тапсырмалардан еш қорықпайды, керісінше, күрделі әрі қызықты тақырыптарды таңдап, алға ұмтылып тұрады. Кескіндеме пәнінің мұғалімі ретінде айтарым, оның өзіндік ерекше стилі қалыптасқан. Туындылары өзіне ұқсайды, мінезі мен ойлау жүйесін айқын көрсетеді»,- деді Малика Жүнісова.