Спорттағы жеңістерден қоғамдық өмірге: дзюдодан ҚР чемпионы сайлауға қатысты
Спорт додаларында ел намысын қорғап жүрген Жаңаөзен қаласының тумасы, дзюдодан Қазақстан чемпионы Гүлдана Тенелбаева бүгін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Татами төрінде талай белдесуде бақ сынаған спортшы №98 сайлау учаскесінде дауыс берді. Аталған учаске «Энергетик» спорт кешенінде орналасқан.
Гүлдана Тенелбаеваның айтуынша, спортта да, күнделікті өмірде де өз жауапкершілігіңді сезіну маңызды. Оның пікірінше, әр азаматтың қоғамдық өмірге араласуы өз ұстанымын білдіруінен басталады.
«Спорт бізді тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке үйретеді. Бұл қасиеттер тек спортта ғана емес, өмірдің барлық саласында маңызды. Елдің болашағына қатысты шешімдер қабылданатын кезде әр азамат өз таңдауын жасап, қоғам өміріне араласуы керек деп ойлаймын. Сондықтан бүгін мен де өз азаматтық позициямды білдіріп, дауыс беруге келдім», – деді Гүлдана Тенелбаева.
Айта кетейік, Гүлдана Тенелбаева қараша айында Жезқазған қаласында өткен Қазақстан Республикасының дзюдодан чемпионатында жеңімпаз атанып, өңір спортының дамуына үлес қосып жүр.