Ақтаудағы №13 сайлау учаскесінде аға буын белсенділік танытты
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Ақтаудағы №13 сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталды. Түске қарай учаскелік комиссия қала тұрғындарының сайлауға белсенді қатысып, көтеріңкі көңіл күймен келгенін атап өтті.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Алма Нұрқашеваның айтуынша, учаскеге 15 үй қарайды. Сайлаушылар тізіміне 1 593 адам енгізілген. Учаске сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Дауыс беретін орын жабдықталып, тұрғындарды қабылдауға қажетті жағдай жасалған.
– Түске қарай сайлаушылардың белсенділігі айтарлықтай артты. Тұрғындар көтеріңкі көңіл күймен келіп жатыр, – деді комиссия төрағасы.
Учаскеде жасы 70-тен асқан жиырмаға жуық сайлаушы тіркелген. Түске дейін дауыс беруге келгендердің басым бөлігі аға буын өкілдері болды. Ал биыл алғаш рет дауыс беретін 18 жастағы сайлаушылар саны – 30.
– Биыл үйде дауыс беруге өтініш түскен жоқ. Учаскеде бір байқаушы жұмыс істеп отыр, – деді Алма Нұрқашева.
Комиссия мүшелерінің айтуынша, учаскедегі ең егде әрі белсенді сайлаушы – жасы 80-нен асқан қала тұрғыны. Ол сайлауға үнемі қатысып келеді. Комиссия мүшелері оған арнайы естелік сыйлық дайындаған.
Айта кетейік, Президенттің барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлығынан кейін Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың мәслихат депутаттарын сайлау 2026 жылғы 29 қарашада өтіп жатыр.