Silk Way Star жобасының финалы Қытай орталық телеарнасында көрсетілді
30 қаңтар күні Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауының гранд-финалы Қытайдың Орталық телевизиясына қарасты музыкалық CCTV-15 арнасынан эфирге шықты. Бұл - қазақстандық тележобаның Қытайдың ірі мемлекеттік медиа құрылымының эфирінде алғаш рет көрсетілуі болып отыр.
Silk Way Star гранд-финалының Қытайдағы ең ірі медиахолдинг эфиріне шығуы - Қазақстан телеиндустриясы үшін маңызды оқиға. Потенциалды аудиториясы 1,1 миллиардтан асатын платформадағы көрсетілім екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы ірі қадам саналады.
Қытай көрермендері 12 елдің өнерпаздары қатысқан ауқымды халықаралық жобаның шешуші кезеңін тамашалады. Байқауға Қазақстан, Моңғолия, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысты.
Silk Way Star - Азия кеңістігіндегі осы форматтағы алғашқы халықаралық вокалдық конкурс. Жоба әртүрлі музыкалық дәстүрлерді, тілдер мен орындаушылық мектептерді тоғыстырған бірегей мәдени алаңға айналды. Байқау жоғары деңгейдегі продакшнмен, жанды дауыспен, ауқымды сахналық қойылымдармен және заманауи телевизиялық өндірісімен ерекшеленді.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың China Media Group медиакорпорациясы арасындағы халықаралық формат жасау жөніндегі келісім аясында жүзеге асты. Барлық эпизодтар Jibek Joly / Silk Way телеарналарынан көрсетілді. Финал тікелей эфирде өтіп, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінде де таратылды. Көрсетілім алты тілде - қазақ, ағылшын, орыс, қырғыз, өзбек және түрік тілдерінде жүргізілді. Жобаның жиынтық аудиториясы 1 миллиардтан асты.
ҚР Президенті Телерадиокешенінің жетекшісі Раушан Қажыбаева бұл халықаралық музыкалық жобаны іске асыру туралы келісім 2025 жылғы маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуінде бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ жоба идеясының авторы - Мемлекеттік кеңесші Ерлан Каринге алғыс білдірілді. Байқау қатысушылары мен ұйымдастырушыларына Президент атынан II дәрежелі «Достық» ордені және алғыс хаттар табысталған.
Гранд-финалдың CCTV-15 арнасынан көрсетілуі жобаның халықаралық мәртебесінің жоғары екенін және Қазақстаннан тыс жерлерде де сұранысқа ие екенін дәлелдейді. Бұл - жай ғана телетрансляция емес, қазақстандық медиаконтенттің жаһандық деңгейдегі әлеуетін танытатын стратегиялық мәдени көпір.
2025 жылғы маусымның жеңімпазы - моңғолиялық қатысушы Мишель Джозеф атанды. Silk Way Star байқауының келесі маусымын Қытай қабылдайды. Бұл жоба географиясының кеңейіп, халықаралық серіктестіктің нығая түскенін көрсетеді.