Otpan News Logo

Шерзод Давлатов әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді

|
04.10.2026 21:18
Шерзод Давлатов әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді

БАКУ. OTPANNEWS.KZ - Бүгін Бакуде басталған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының балуаны Шерзод Давлатов күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл туралы Бакуден Otpannews.kz тілшісі арнайы хабарлайды. 


60 келіде күрескен отандық татами шебері шешуші белдесуде әзірбайжандық Ахмад Юсуповқа есе жіберді. Жерлесіміз бұл сында алғашқы минуттардан белсенділік танытып, вазари ұпайына қол жеткізді. Қарсыластың әдіс жасамауына байланысты төреші екі мәрте ескерту жасаған еді. 


Алайда дзюдошы кезекті әдісін жасау сәтінде қарсыласы оны оңтайлы пайдаланып, өз пайдасына шеше білді. Осылайша Юсупов өз жерінде өтіп жатқан біріншілікте топ жарды. 

 

Финалдан кейін Шерзод Давлатов өзінің көздеген жоспарының толық жүзеге аспағанына өкініш білдіріп, асығыстық танытқанын мойындады. 


«Бапкерлерім белдесуге дейін де, мен басым түсіп жатқан сәтте жеңісті сақтап қалу туралы айтумен болды. Бұл жерде басты кінә менің қателікке бой алдыруыма байланысты нәтиже өзгеріп кетті. Бір вазари ұпайын алған соң мен асыға бастадым. Сол сәтте оны қарсыласып тиімді пайдалана алды. Мұндай қателікті дзюдо кешірмейді. Бұл мен үшін өте ауыр жағдай. Өздеріңіз көргендей мен тек белседілік танытып, шабуылдауды ғана көздедім», - деді Шерзод Давлатов. 


Чемпионаттың алғашқы күнінде үздік нәтиже тіркеген Қазақстан балуаны іріктеу бәсекелерінде Тәжікстан, Бурунди спортшыларын жеңді. Ал 1/8 финалда Бразилия дзюдошысы Мишель Аугустоны жарыс жолынан шығарса, ширек финалдық белдесуде франциялық Ромен Валадье-Пикарданың осал тұсын тапты. Ал жартылай финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 2025 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Рюджи Нагаяманы мүмкіндігінен айырды. 


Бұдан бөлек, бүгін жарыс жолына шыққан Аман Бақытжан (60 кг), Абиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева (екеуі же 48 кг) іріктеу бәсекелерінде жарыс жолынан шығып қалды. 


Ертең турнирдің екінші жарыс күнінде ерлер 66, әйелдер 52 келіде бақ сынайды. Бұл орайда 66 келіде Нұрқанат Серікбаев пен Ақылжан Жұбатқанов жарыс жолына шығады. Сондай-ақ, 11 қазан күні маңғыстаулық Жантілек Нұртілепұлы аралас командалық сында құрама сапында өнер көрсетеді.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!