Otpan News Logo

Азия ойындары: Маңғыстаулық дзюдошы аралас командалық сында күміс жүлде иеленді

|
03.10.2026 16:50
Азия ойындары: Маңғыстаулық дзюдошы аралас командалық сында күміс жүлде иеленді

OTPANNEWS.KZ - Қазақстан дзюдо құрамасы Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының аралас командалық бәсекесінде күміс жүлдеге ие болды. Олардың қатарында маңғыстаулық дзюдошы Меруерт Сәрсенова да бар. 


Финалдық кездесуде қазақстандық дзюдошылар жарыс қожайыны Жапония құрамасымен белдесті. Тартысты өткен шешуші бәсекеде жапон спортшылары 4:0 есебімен жеңіске жетіп, алтын медальді иеленді. Ал Қазақстан құрамасы Азия ойындарының аралас командалық бәсекесін күміс жүлдемен қорытындылады.


Қазақстан сапынан Ғұсман Қырғызбаев, Ерасыл Қажыбаев, Марат Байқамұров, Айдар Арапов, Аида Тойшыбекова, Меруерт Сәрсенова, Дина Әбдірова және Ажар Асхат ел намысын қорғады. Құрама мүшелері финалға дейінгі кездесулерде жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп, жүлделі орынға таласты.


Қазақстандық дзюдошылар іріктеу кезеңінде Қырғызстан және Оңтүстік Корея құрамаларынан басым түсіп, финалға жолдама алған болатын.


Айта кетейік, бұған дейін Азия ойындарының жекелей бәсекесінде Қазақстанның төрт дзюдошысы финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ел құрамасының бір спортшысы қола медаль жеңіп алды.

Аралас командалық бәсекеде қола жүлде үшін өткен кездесулерде Қытай құрамасы Моңғолиядан басым түсті. Ал Өзбекстан дзюдошылары Оңтүстік Корея құрамасын жеңіп, жарыстың қола жүлдегері атанды. Қос құрама да қарсыластарынан 4:2 есебімен басымдық танытты. 


Осылайша, Қазақстан құрамасы дзюдодан Азия ойындарындағы командалық бәсекені күміс жүлдемен аяқтады. Ұлттық құрама балуандары 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Жазғы Азия ойындарында күміс жүлде иеленген болатын.

8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!