Otpan News Logo

Ақтауда балалар хирургі ұсталды: полиция тергеуді жалғастырып жатыр

|
03.10.2026 14:48
Ақтауда балалар хирургі ұсталды: полиция тергеуді жалғастырып жатыр

OTPANNEWS.KZ — Ақтауда Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының балалар дәрігер-хирургі ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, дәрігер уақытша ұстау изоляторына қамалған.


Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Үміт Ильясова әлеуметтік желіде Денсаулық сақтау министріне, Ішкі істер министріне және Құрылтай депутаттарына ашық үндеу жариялады.


Еске салайық, биыл сәуір айында балалар ауруханасында 13 жастағы жасөспірімге операция жасалған. Алайда кейін оның жағдайы нашарлап, науқас санитарлық авиация арқылы Алматыдағы клиникаға жеткізілген. Кейін ол қайтыс болды. Жасөспірімнің анасы дәрігерлердің қателігіне шағымданып, кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуды талап еткен.


Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде балалар ауруханасында бірқатар заңбұзушылық анықталған. Облыстық прокуратура қылмыстық іс қозғады.


Облыстық полиция департаменті бұл іс бойынша «қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын» мәлімдеді.


Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.


Ал Үміт Ильясованың үндеуінде хирургтің 1 қазанда ұсталғаны айтылған.


«Мыңдаған баланың өмірін сақтап қалған балалар дәрігер-хирургі ұсталды. Әріптестердің айтуынша, тағы да басқа дәрігерлерді ұстауы мүмкін. Куәлік беруге шақырған, алайда қамауға алған. Бұл ретте біздің адвокатқа ескертілмеген. Ұстауға негіз жоқ», — деп жазды Ильясова.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!