Дзюдодан әлем чемпионаты: Аман Бақытжан мен Шерзод Давлатов жарысты сәтті бастады
БАКУ. OTPANNEWS.KZ - Дзюдодан Әзірбайжан астанасы Бакуде басталған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының екі балуаны үшінші айналымға шықты. Бұл туралы Otpannews.kz тілшісі арнайы Бакуден хабарлайды.
Ерлер арасында 60 келіде татами шыққан Аман Бақытжан мен Шерзод Давлатов екі кездесуде жеңіске жетті.
Аман Бақытжан бірінші айналымда Куба балуанын жеңсе, келесі айналымда Словения өкілінен қосымша уақытта басым түсті. Ал Шерзод Тәжікстан және Бурунди дзюдошыларынан айласын асырып, өзінің мүмкіндігін мүлт жібермеді. 1/8 финалда Аман Бақытжан ресейлік Аюб Блиевпен белдессе, Давлатов бразилиялық Мишель Аугустомен шеберлік байқасады.
Өкінішке қарай, Абиба Әбужақынова (48 кг) алғашқы айналымда түрік балуаны Мерве Азактан юко ұпайын еншілегенімен, соңғы сәтте әдіске түсіп қалып, уақытынан бұрын жеңілуге мәжбүр болды. Ал осы салмақтағы тағы дзюдошымыз Ғалия Тынбаева іріктеу бәсекесінде Тайпек өкілін уақытын бұрын қапы қалдырды. Алайда келесі айналымда моңғолиялық Баасанхүү Бавуудоржге қарсы қауқар таныта алмай, жарыста жүлдесіз қалды.
Айта кететін жайт, дзюдодан әлем чемпионаты 4-11 қазан күндері аралығында жалғасады. Аталған сында Қазақстан ұлттық құрамасы қатысып жатыр. Олардың қатарында маңғыстаулық Жантілек Жастілепұлы да бар. Ол 11 қазан күні командалық сында татамиге шығатын болады.