Otpan News Logo

Маңғыстауда мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған тренинг өтті

|
29.09.2026 09:56
Маңғыстауда мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған тренинг өтті

Маңғыстау облысында мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және ұлттық құндылықтарды бала тәрбиесіне тиімді енгізуге бағытталған «Ұлттық құндылық - тәрбиенің темірқазығы» атты тренинг өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Қалалық білім бөлімі ұйымдастырған іс-шара «Ұлттық тәрбие» ұлттық құндылықтар бағыты аясында өтті. Тренинг педагогтердің өзара тәжірибе алмасуына, ұлттық тәрбиенің озық әдіс-тәсілдерін тәжірибеде қолдану жолдарын талқылауына мүмкіндік берді.


Жиын ұлттық қолөнер мен салт-дәстүрді дәріптеуге арналған «Ұлттық құндылықтар көрмесімен» басталды. Көрмеде ұлттық мұраны отбасылық және қоғамдық тәрбие арқылы бала бойына сіңірудің маңызы көрсетілді.


Тренинг барысында қатысушыларға ұлттық құндылықтарды мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үдерісіне енгізудің тиімді жолдары таныстырылды. Педагогтер авторлық тәжірибелері мен әдістемелік әзірлемелері негізінде практикалық жұмыстар ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.


«Айназ» балабақшасының музыка жетекшісі Гүлбану Боранбаеваның айтуынша, балалар ұлттық өнер мен мәдениетке қызығушылық танытып, меңгерген өнерлерін ортаға салды.

- Шеберлермен бірге ши тоқуды, өрме тоқуды, ою ойып, құрақ құрауды үйренді. Бұл - балалардың бұрыннан меңгеріп келе жатқан дағдылары. Сонымен қатар Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін орындады. Биыл оркестрімізге жаңа дем беру мақсатында биші Ортекені қостық. Балалар Ортекенің қимылдарына еліктей отырып, күйді де орындап шықты. Оркестр құрамында бес жастағы балалар, кіші топ және даярлық тобында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер бар. Олардың музыкаға деген қабілеті жақсы. Біз әрдайым балалардың қабілетін байқап, іріктеп, өнерге баулуға тырысамыз, - деді Гүлбану Боранбаева.

Практикалық бөлімде «Сәннің сыры - шеберлікте» тақырыбында ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті өтіп, балаларға ұлттық қолөнер мен дәстүрлі мәдениетті таныстырудың заманауи тәсілдері көрсетілді.


Сонымен қатар педагогтер «Шаңырақ шуағы», «Тәрбие таразысы», «Ұлт мұрасы – ұрпаққа аманат», «Ұлттық құндылық – басты байлығымыз!», «Құндылықтар қоржыны», «Бала жүрегіне жол: ұлттық құндылық арқылы», «Бәйге» сынды тренингтер өткізіп, ұлттық тәрбиені күнделікті педагогикалық тәжірибеге енгізудің тиімді әдістерімен бөлісті.


Жиын барысында педагогтер ұлттық құндылықтарды баланың жас ерекшелігіне сай ұсыну, ұлттық ойындар мен салт-дәстүр элементтерін тәрбие жұмысына енгізу, сондай-ақ бала бойында отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Қатысушылардың жұмысы қорытындыланып, тәжірибе алмасу нәтижелері сараланды.

211
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!