“Сенім” медициналық орталығының өкілдері референдумға барады
Бүгін облыстық коалиция мүшелері Ақтау қаласындағы “Сенім” медициналық орталығына барды. Орталық қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасы туралы баяндап, пікір алмасты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Аталған кездесуде коалиция мүшесі Нұрлыбек Қарабалин жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістерге тоқталып, референдумның қандай тәртіппен ұйымдастырылып жатқанын айтты.
“Заң талабы бойынша, егер құжаттың 50 пайыздан астамы жаңарса, ол қайта бекітілуі тиіс. Ал жаңа жобадағы өзгерістер үлесі 84 пайызға жетіп отыр. Сондықтан 15 наурыз күні бүкілхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Осы себептен елдің басты заңын қабылдауда барша қазақстандықты азаматтық құқықтарын толық пайдаланып, дауыс беруге шақырамын”,- деді Нұрлыбек Қарабалин.
Ал Айтуарова Алтын “Сенім” қызметкерлеріне медицина саласындағы өзгерістерге баса мән беріп, оларды талқылауға ұсыныс білдірді. Жаңа Конституциядағы күретамыр саналатын ғылым, білім және медицина саласының маңызына тоқталып, дәрігерлерді референдумда дауыс беруге үндеді.
“Бүгінгі кездесуде орталық мамандары мен дәрігерлеріне өте пайдалы әрі құнды ақпараттар айтылды. Жаңа Конституция жобасындағы тың өзгерістер – болашаққа жасалған нық қадам болады деп сенемін. Ал медицина саласындағы өзгерістер елдегі денсаулық сақтаудағы жаңалықтарға жол ашары анық”,- деді “Сенім” медициналық орталығының өкілдері.