Психикалық денсаулық туралы ашық сөйлесудің қоғамға әсері
Бір сәт өзіңізге сұрақ қойып көріңізші: соңғы рет өз көңіл-күйіңіз туралы шын жүректен қашан сөйлестіңіз? Біз бас ауруын, суық тиюді немесе шаршауды оңай айтамыз, ал жан күйзелісімізді айтуға келгенде үнсіз қаламыз. Неліктен? Себебі қоғамда әлі күнге дейін «психикалық қиындық – әлсіздік» деген қате түсінік бар.
Алайда әлем өзгеріп келеді. Психикалық денсаулық туралы ашық сөйлесу бүгінде батылдықтың, өз-өзіңді танудың және жауапкершіліктің белгісіне айналып отыр.
Ашықтық – емнің жартысы бұрын адамдар психологиялық мәселесін жасыруға тырысатын. Ал қазір көптеген танымал тұлғалар, блогерлер мен қоғам белсенділері өз бастарынан өткен күйзеліс, депрессия, күйік жайлы ашық айтып жүр. Бұл үрдіс басқаларға үлкен әсер етеді біріншіден, адам өзін жалғыз сезінбейді,екіншіден, психологиялық көмек сұрау ұят емес екенін түсінеді,үшіншіден, қоғамда түсіністік пен жанашырлық пайда болады.
Ашық әңгіме – емнің алғашқы қадамы. Әрбір «менде бәрі жақсы» деген жасанды жауаптың артында шынайы жан айқайы жатуы
мүмкін. Ал сөйлесу арқылы адам ішкі қысымды босатады, өз сезімін реттеуге мүмкіндік алады.
Бүгінгі таңда көптеген ұйымдар мен білім мекемелері психологиялық қолдау орталықтарын ашуда. Мектеп психологтары, кеңес беру желілері, онлайн терапия қызметтері – мұның бәрі қоғамда жаңа мәдениеттің қалыптасып жатқанын көрсетеді.
Жұмыс берушілер де қызметкерлерінің эмоционалды жағдайына мән бере бастады. Өйткені психологиялық тұрғыдан тұрақты адам – өнімді қызметкер, жақсы дос, қамқор ата-ана.
Психикалық денсаулық туралы ашық сөйлесудің ең басты әсері – адамдар арасындағы эмпатияны арттыру. Біз бір-бірімізді түсінуге, тыңдауға және қолдауға үйренеміз. Бұл – қоғамдағы жылы қарым-қатынастың, сенім мен бейбіт өмірдің негізі.
Сондықтан да өз сезіміңді айту әлсіздік емес. Керісінше, ол – батылдықтың көрінісі. Психикалық саулық физикалық саулық сияқты өмірдің табиғи бөлігі екенін мойындау – заманауи, дамыған қоғамның белгісі.
Қортындылай келе, бір-біріміздің көңіл күйіне назар аударайық. «Қалың қалай?» деген сұрақты шынайы көңілмен қойып, «жақсымын» деген жауаптың ар жағындағы үнсіздікті де түсінуге тырысайық.
Өйткені психикалық денсаулық туралы ашық сөйлесу – тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның саулығына апаратын жол.
Автор : Д. Х. Джумабаева