Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда облыс әйелдерінің әлеуетін арттыратын “Umay” жобасы басталды

|
17.11.2025 13:20
Ақтауда облыс әйелдерінің әлеуетін арттыратын “Umay” жобасы басталды

Бүгін Ақтауда әйелдердің тұлғалық дамуына бағытталған “Umay” жобасы басталды. 5 күнге жалғасатын бұл тренингке өңірдің түкпір-түкпірінен 100 әйел қатысуда, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Жоба облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында өтуде. Қатысушылар алдын ала өтінім беру арқылы іріктеліп, 5 бағытқа бөлінді. Әр сала бойынша эксперттер спикер болып, қатысушылардың қызығушылығына сай өз білімдерімен бөлісуде. 


Бұл тренинг 5 бағыт бойынша өтеді: мемлекеттік тапсырыс, бухгалтериялық есеп негіздері, жасанды интеллект және мобильді журналистика, коммуникация және жеке бренд, сондай-ақ тігін үйірмесі. 


“Құрметті қатысушылар! Бүгінгі алып жатқан білімдеріңіз қонымды болып, болашақта өз кәсіптеріңізді бастауға себеп болсын. Барша қатысушылар көптің арасынан іріктеліп, бүгін осы ортаға жиналды. Осы жобаға ең қажетті және маңызды деген 5 саланы кірістірдік. Алдағы уақытта әрқайсыңыз бір-бір мықты маман, табысты кәсіпкер болуларыңызға тілектеспін”,- деді басқарма басшысы Гүлмира Балғожаева. 


“Umay” жобасына бала күтімімен үйде отырған, жұмыссыз, көпбалалы және жалғызбасты аналар қатысуда. Әйелдерді қорғау мақсатында басталған бұл жоба ұйымдастырушылардың айтуынша, әйелдердің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыру – басты талап. Қатысушалардың бойындағы көшбасшылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамытуды көздейтін бұл жобаның әр саласына 20 адамнан қатысуда. Ұйымдастырушылар атап өткендей, ең көп өтінім “тігін” секциясына түскен. 


“Мен бүгінгі жобаға қатысып, жолдама алғаныма қуаныштымын. “Umay” туралы әлеуметтік желіден көріп, бірден өтініш жібердім. Мен – бірнеше жылдан бері бала күтімі бойынша үйде отырған анамын. Тігін – мен үшін қызықты сала. Бұл салада ешқандай тәжірибем жоқ. Бірақ 5 күннің ішінде менде база қалыптасып, тігіннің қыр-сырын үйренемін деп ойлаймын. Алғашқы сабақта біз бүгін баска тігуді үйреніп жатырмыз. Осындай мүмкіндік сыйлаған басқармаға алғысым шексіз”,- деді жоба қатысушысы Эльмира Мергенова. 


“Umay” жобасы сұранысқа ие мамандықтарды әйелдерге үйрету арқылы олардың қоғамдағы орнын айшықтауға көмектеседі. Өйткені 5 күндік сабақ аяқталса да – қатысушылармен байланыс үзілмейді. Қатысушылардың осы салада өз орындарып тауып, даму барысында жоба спикерлері үнемі байланыста болады. 


“Мен осы салада жүргеніме – 4 жыл. Тобымда жалғызбасты әйелдер, ерекше баланың анасы, жұмыссыз және көпбалалы әйелдер бар. Әрқайсының бойынан бухгалтерияға деген қызығушылық байқадым. Барлығы сабақтың түсінікті, әрі қазақ тілінде өтіп жатқанына қуанышты. Алғашқы таныстық жақсы өтті. Енді сабақ та дәл солай бір деммен өтеді деп күтемін. Осы жоба аясында мен қатысушыларға маңызды қадамдарды үйретемін. Мәселен, ЭЦҚ ашу, декларация тапсыру, жеке кәсіпті бастау үшін қажетті дүниелер, айлық табысты есептеу”,- деді бухгалтериялық есеп негіздерінің спикері Динара Исенгалиева. 
83
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!