Тарихи жетістік: Маңғыстау облысының дзюдошылары медаль саны бойынша ел чемпионы атанды
Маңғыстау облысының құрамасы дзюдодан Семейде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында тарихи жетістікке жетті. Спортшылар 3 алтын және 1 қола медаль жеңіп алып, 2025 жылғы ерлер мен әйелдер арасындағы ел біріншілігінде медаль саны бойынша бірінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жарыстың алғашқы күнінде ерлер арасында Бауыржан Нарбаев (66 келі) және әйелдер арасында Меруерт Сәрсенова (52 келі) алтыннан алқа тақса, екінші күні Асқар Нарқұлов (81 келі) чемпион атанды. Ал жарыстың үшінші күнінде +100 келі салмақта Жантілек Нұртілепұлы қола медаль иеленді.
Осылайша Маңғыстау құрамасы командалық есепте үздік нәтиже көрсетіп, медаль саны бойынша чемпион атанды. Балуандарды жарысқа өңірдің аға жаттықтырушысы Пернехан Төлепов дайындаған.
Бұл – ұзақ жылдық еңбектің жемісі. Бұл жетістікке ауыл-аудандардағы жаттықтырушылардың, басқарманың және федерацияның бірлескен еңбегі себеп болды. Дзюдо – олимпиадалық спорт түрі, сондықтан бұл Маңғыстау үшін тарихи сәт. 10 жыл бұрын бір күміс пен қола медаль арман болса, бүгінде маңғыстаулық спортшылар ел ғана емес, халықаралық деңгейде де жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ел біріншілігіне қатысып жатқан спортшылардың да еңбегі зор. Олар жарыстарға ұлттық құрама сапынан шығып жатыр. Жерлестерімді тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан дзюдосы қарқынды дамып келе жатыр. Сол себепті, бәсекелестік те өте мықты. Әр өңірдің талас-тартысқа толы сайысында Маңғыстау балуандары жақсы нәтиже көрсетті. Мұндай жеңіске жанкүйерлер мен ата-аналардың, демеушілердің дем беруі де маңызды болды, - дейді ҚР дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев.
Айбек Әсетұлының айтуынша, Маңғыстау облысында тұрақты түрде өтіп жатқан додалар да балуандардың жеңіске нақты қадам жасауына ынталандырған.
Айта кетейік, Айбек Имашев 2018 жылы Маңғыстау облысында дзюдодан аға жаттықтырушы қызметін атқарған. Сол жылы өңір спортшылары 4 алтын жүлдемен ел чемпионатында медаль саны бойынша екінші орын алған болатын.